Қарағанды облысы Ботақара кентінде спорт кешені салынып бітпей жатыр

Қарағанды облысының Ботақара кентінде салынып жатқан дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы кестеден кешігіп жатыр.

Оған екі себеп бар, дейді жауапты мамандар. Жұмысшылардың көбі ковид жұқтырып алған, екіншіден құрылыс материалдары қымбаттап кеткен. Соған қарамастан әкімдік өкілдері жыл соңына дейін құрылысты толық аяқтаймыз деп уәде беріп отыр. Оған қазынадан қосымша қаржы бөлінбеген. Мердігерлер нысанда қызу құрылыс жүріп жатыр дегенмен, түсірілім барысында бірде бір жұмысшы көзге түспеді. Айта кетейік, 320 адамға арналған спорт кешені «Ауыл-ел бесігі» бағдарламасы бойынша салынып жатыр. Екі жылға жоспарланған жоба құны 500 миллион теңге. Келешекте мұнда волейбол, футбол, баскетбол алаңдары және күрес, жаттығу залдары болады.

Мерген Мұқышев, Бұқар жырау ауданы әкімінің орынбасары:

- Көп жұмыскерлер өкінішке орай, ауырып қалған болатын. Екіншіден, құрылыс жабдықтары, құрылыс материалдарының қымбаттауына байланысты. Бірақ қазіргі таңда бүкіл сұрақ шешілген болатын. Жұмыс барысы күшейтілді. Қазіргі таңда негізгі жұмыстар аяқталды. Кірпіш қалау қалды, штукатурка қалды, электромонтажный жұмыстар қалды. Биылғы жылы осы объектіні бітіру жоспарда.