«Шахтер» клубы үшін жаңа маусым дау-дамаймен басталатын түрі бар

Қарағандылық "Шахтер" ФК үшін жаңа маусым дау-дамаймен басталатын түрі бар.

Себебі бірқатар ақпарат құралдары "клуб ойыншыларына жарты жылдан бері жалақы төлемеген" деп жарыса жазды. Алайда клуб басшылары бұл ақпарат шындыққа сай келмейді деп отыр. Себебі айлық кешіктірілмеген, ал команда қазір жаңа маусым алдындағы дайындықты пысықтау үшін Түркия еліне аттанып, бірқатар жолдастық кездесу өткізген. Биыл облыстық бюджеттен 1 миллиард 200 млн теңге бөлініп, алғашқы транш аударылған көрінеді. Ал демеушілер тарапынан берілетін қаражат бір ай кешіктірілген, ол "жақын арада шешімін табады" деп сендірді клуб басшылығы.

Айта кетейік, 5 наурызда "Шахтер" Қазақстан премьер-лигасының алғашқы туры аясында "Астанаға" қарсы ойнайды.

Ерлан Уразаев, "Шахтер" ФК атқарушы директоры:

- Айлық бойынша қарыздар жоқ бізде, тек спонсорский доплата бойынша аздаған қарыз бар, оны ойлаймын бір айдың ішінде жауып тастаймыз деп. Қазір Қазақстандағы жағдайды білесіз ғой, соған сай спонсорлар да кешіктіріп жатыр, ойлаймын бір айдың ішінде бәрін жауып тастаймыз деп.