Ұлттық паралимпиада құрамасы Бейжіңге аттанды

Қазақстандық спортшылар Бейжің қаласында өтетін XIII қысқы Паралимпиада ойындарына аттанды, деп хабарлайды Prosports.kz.

Бүгін қазақстандық паралимпиадашылар Қытай астанасы Бейжіңге ұшты. Құрама команданың ресми тасымалдаушысы – «Эйр Астана» әуекомпаниясы.

Айтулы додада ел намысын Ербол Хамитов, Александр Герлиц, Денис Петренко, Юрий Березин және Сергей Усольцев парашаңғы және парабиатлон спорты түрінен қорғайды.

Бұған дейін еліміздің паралимпиада комитеті ұлттық құраманы жасақтап, спортшылардың жарыс кестесін жариялаған еді. Бейжің-2022 паралимпиадасында көк туды шаңғы спорты түрінен әлем кубогінің қола жүлдегері, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Ербол Хамитов ұстап шығады.

Қысқы паралимпиада ресми түрде 4 наурызда ашылып, 13 наурызға дейін жалғасады.