Теннисші Юлия Путинцева Ыстамбұл турнирінің екінші айналымына шықты

Әлемнің 51-ракеткасы қазақстандық Юлия Путинцева Ыстамбұл WTA 250 турнирінің екінші айналымына шықты.

Қазақстандық теннисші бастапқы кездесуін әлемнің 57-ракеткасы, Польша өкілі Магда Линетпен өткізді. ҚТФ баспасөз қызметінің мәліметінше, бұған дейін қарсыластар өзара бес рет кездесіп, соның төртеуінде М.Линетт жеңген. Бұл жолы бірінші партияда Путинцева 4:1 есебімен алға кетті. Поляк қызы да қалыспай, таразы басын теңестіргенімен, қазақстандық теннисші тай-брейкте сәтті ойнады – 7:6 (8:6). Екінші сетте Юлия 6:4 есебімен басым түсті.

Екі сағат 8 минутқа созылған тартысты матчта Путинцева бір эйспен бірге 9 брейк-пойнттың бесеуін пайдалана білді. Юлия жүлде қоры 239 477 АҚШ долларына бағаланған жарыстың ширек финалына шығу үшін әлемнің 76-ракеткасы швециялық Ребекка Петерсонмен таласады.