Еркін күрестен Азия чемпионаты: қоржында 8 медаль

Моңғолия астанасы Ұлан-Батыр қаласында күрес түрлерінен Азия чемпионаты аяқталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жарыстың соңғы күндері бозкілемге еркін күрес шеберлері шықты. Бұл сында жерлестеріміз 1 алтын, 3 күміс және 4 қола жеңіп алды. Әсіресе, 86 келідегі Азамат Дәулетбеков қарсылас шақ келтірмеді. Ол финалда әлем чемпионатының жүлдегері үндістандық Дипак Пуниямен жолығып, айқын басымдықпен ұтты. Қорытынды есеп: 6:1. Ал ұлттық құрама сапындағы Рахат Қалжан, Әлішер Ерғали және Нұрқожа Қайпановтар соңғы сында ғана есе жіберіп, күміс жүлдеге қол созды. Бұған қоса, Талғат Сырбаз, Мамед Ибрагимов, Ақбар Құрбанов және Әділет Дауланбаевтар өз салмақ дәрежелерінде үздік үштікті түйіндеді. Осының арқасында Қазақстан құрамасы жалпы есепте 3-сатыға жайғасты. Бірінші орын Иран, ал екінші орын Үндістан балуандарына бұйырды.

Айта кетейік, осының алдында грек-рим және әйелдер күресі бойынша да спортшыларымыз жақсы өнер көрсетіп, құрлықтық деңгейде үздіктер қатарында екенін дәлелдеді.

ӘЛЕМ КУБОГЫНДА ЖҮЛДЕГЕ ІЛІКТІ

Қазақстан құрамасы – қола жүлдегер. Әзербайжан астанасы Баку қаласында көркем гимнастикадан әлем кубогының кезеңі өтті. Ұлттық құрама қоржынында жалғыз медаль бар. Оны жерлестеріміз топтық жарыста жеңіп алды. Инна Быстрова баптайтын қыздар  доппен және тапспамен жаттығуларын сәтті орындап, жалпы есепте 3-сатыға жайғасты. Бірінші орын Италия, ал екінші орын Жапония құрамаларына бұйырды.

Айта кету керек, көпсайысқа бас-аяғы 14 команда қатысқан. Олардың 8-і ғана финалға жолдама алды. Бұған қоса, жекелей сындарда ел намысын қорғаған Эльжана Таниева жүлдеге сәл жетпей тоқтады. Мәселен, доппен өнер көрсетуде 4-ші, ал, булава бәсекесінде 5-орындарға тұрақтады.

ҮЗДІКТЕРДІҢ ЖОЛЫ БОЛМАДЫ

Футболдан Қазақстан премьер-лигасы жалғасып жатыр. Кезекті, яғни, 7-тур аясында күтпеген нәтижелер тіркелді. Мәселен, алматылық Қайрат турнир тізімнің соңғы сатыларында тұрған Тұранға есе жіберді. Алматы қаласында өткен мачта 1 ғана гол соғылды. 31-минутта Азат Нұрғалиев айып добын сәтті орындап, өз командасына жеңіс сыйлады. Ал ел чемпионы Тобыл Атыраудан жеңілді. Еліміздің батысында өткен мачта жергілікті Андрия Филипович қос гол соғып, өз командасын алға шығарды. Қортындысы есеп 2:1.

Бұған қоса, 7-тур аясында «Тараз» сырт алаңда Ақсуды», ал «Ақжайық» «Шахтерді» ұтты. Ордабасы өз алаңында петропавлдық «Қызылжарды» қабылдап, 3:1 есебімен жеңді. «Ақтөбе» де дәл осылай түркістандық «Мақтаралдан» басым түсті. Сонымен, кезекті тур қорытындысы бойынша «Каспий» топ басындағы орнын сақтап қалды. Одан кейін Астана» мен «Қайрат» келеді және араларын 1 ғана ұпай бөліп тұр. «Ордабасы», «Тобыл» және «Тараз» командалары да бірінші орынға шығудан дәмелі. Қазақстан чемпионатының кезекті туры 26 сәуірде өтеді.