Ақтаудағы ММА турнирін 15 мыңнан астам көрермен тамашалады

Ақтауда «Naiza 41» және «EAGLE FC 48» промоушендері аралас жекпе-жектен бірлескен халықаралық турнир өткізді.

Маңғыстау облысы әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, ашық аспан астында өткен турнирге 15 мыңнан астам көрермен жиналды.

«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша мемлекеттік органдар жастар мен жасөспірімдер арасында бұқаралық спорт түрлерін дамыту, спортпен айналысатын азаматтар санын арттыру бойынша тұрақты жүйелі жұмыс жүргізуде. Бұл турнирді Ақтауда өткізу Хабиб Нұрмағамедовтің әкесі, марқұм Абдулманап Нұрмағамедовтің идеясы еді. Өкінішке қарай ол қазір біздің арамызда жоқ, бірақ ізбасарлары оның ісін жалғастыруда», – деп атап өтті облыс әкімі Нұрлан Ноғаев турнирдің ашылуында.

Турнирге әлемнің жеті елінен 32 спортшы қатысып, 16 жекпе-жек өткізді. «Naiza» және «EAGLE FC» бірлескен турнирінің басты жекпе-жегінде қазақстандық спортшы Дәурен Ермеков пен ресейлік Гамзат Хирамагомедов «EAGLE FC» белдігі үшін кездесу өткізді. Екінші раундта техникалық нокаутпен қазақстандық спортшы жеңіске жетті.

Сонымен қатар отандасымыз Мейірбек Төлегенов (3-1) әзербайжандық Джейхун Годжалиді бірінші раундта ауырту әдісімен жеңді. Тағы бір отандасымыз Болат Заманбеков (3-1) қырғызстандық Сыймык Эльдияруулынан жекпе-жектің екінші раундында буындыру әдісімен басым түсті.