«Тобыл» келесі кезеңге өтті

«Тобыл» жеңіске жетті. Қостанайлық клуб УЕФА конференциялар лигасының іріктеу кезеңі аясында гибралтарлық "Линкольн Ред Импспен" қарымта матч өткізді.

Сырт алаңда болған ойын 1:0 есебмен аяқталды. Жалғыз голды 31-минутта сербиялық легионер Зоран Тошич соқты.

Айта кету керек, қос команда арасындағы алғашқы матчта да 2:0 есебімен қазақстандық клуб жеңген еді. Сондықтан «Тобыл» сенімді түрде іріктеу кезеңінің екінші айналымына шықты. Келесі қарсыласы әзірге белгісіз. Белгілісі, албаниялық "Тирана" және босниялық "Зриньски" клубтары өзара мықтыны анықтайды. Жеңімпаз тарап кейін «Тобылмен» кездеседі. Алғашқы мачта 1:0 есебмен "Зриньски" алға шықты. Қалай болғанда да екінші кезең кездесуілері 4 және 11 тамыз күндері өтеді деп жоспарланып отыр. 

Талдықорғанда ауыл жасөспірімдерінің төртінші жазғы ойындары басталды

Еліміздің мәдениет және спорт министрлігі мен Жетісу облысы әкімдігі ұйымдастырған республикалық шараға еліміздің түкпір-түкпірінен келген 2500 жас спортшы қатысып жатыр. Жарыс қазақ күресі, асық ату, тоғызқұмалақ, еркін күрес, дзюдо, армреслинг, шағын футбол, көгалдағы хоккей сияқты спорттың 12 түрі бойынша өтеді. Әзірге командалық ойын түрлерінен Жетісу облысының құрамасы алда келеді. Жеңімпаздар 2 тамыз күні анықталады.

Бір айта кетерлігі, ауыл жасөспірімдерінің төртінші жазғы ойындарына спортпен кәсіби түрде шұғылданатын балалар қатыстырылмайды. 

Алмат Үшкемпіров, Жетісу облыстық спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

- Республикалық, облыстық спорт мектеп интернаттарында оқитын спортшылардың қатысуына тыйым салынған. Тек ғана ауыл спортын дәріптеу, ауылдың балаларын көтеру мақсатында осындай іс-шара өткізіліп отыр. Өзіміздің сұрауымызбен ҚР мәдениет және спорт министрлігіне ұсыныс жіберіп, осы жарыстың бағдарламасына көгалдағы хоккей спорт түрін өзіміз енгізіп отырмыз.