Ұлттық құрама теннистен командалық әлем чемпионатына дайындықтарын пысықтап жатыр

Әлемнің ең үздік теннисшілері Глазгоға жиналды. Шотландияның ең ірі қаласында әйелер арасындағы командалық әлем чемпионаты өтеді, деп хабарлайды «Хабар 24».  

«Били Джин Кинг кубогы» деген атпен танымал бәсеке бүгін басталады және финалдық сында өнер көрсететін 12 құрама арасында жерлестеріміз де бар. Елена Рыбакина бастаған қазақстандық қыздар жарыс болатын жерге бірнеше күн бұрын жетіп, қазір соңғы дайындықты пысықтап жатыр. Алғашқы қарсыласымыз – Ұлыбритания. Айта кету керек, жергілікті команда әлемдік рейтингтің 17-ші сатысында тұр. Ал Қазақстан 9-шы орында. Одан кейін ұлттық құрама Испания теннисшілерімен де жолығады. Егер қос матчтар сериясы сәтті өтсе, бас жүлдеге таласуға мүмкіндік алады. Глазгодағы жарыс 12 қарашаға дейін жалғасады.

Елена Рыбакина, теннистен ұлттық құрама мүшесі:

- Әр мемлекет өзінің ең үздік теннисшілерін әкелді. Сәйкесінше, бәсеке де өте жоғары болады. Біздің дайындығымыз жақсы. Бар шеберлігімізді ортаға салып, ел абыройын асқақтатуға тырысамыз. Құрамада тәжірибелі ойыншылар да, жаңадан қосылған қыздар да бар. Маусымның соңы болса да бар күш-жігерімізді салып, жеңіске жетуге тырысамыз.