Өзбекстан астанасында «Заковат» зияткерлік ойынының спорттық нұсқасы бойынша I Орталық Азия кубогы аясындағы брейн-ринг турнирінің финалында Қазақстанның «Простые работяги» командасы жеңіске жетті. Бұл туралы «Заковат» зияткерлік клубының Telegram арнасы хабарлады. Бүгін «Заковат» зияткерлік ойынының спорттық нұсқасы бойынша І Орталық Азия кубогі аясындағы брейн-ринг турнирі өз мәресіне жетті. «Қиын бәсекеде өткен финалдың алғашқы кездесуінде Өзбекстан командасы қазақстандық қарсыластарын 6:2 есебімен ұтты. Екінші ойында қазақ білімпаздары 4:2 есебімен жеңіске жетті. Соңғы шешуші ойында да қазақстандықтар 5:2 есебімен жеңіске жетіп, кубокті иеленді», – делінген хабарламада. Жеңімпаздарға кубокті Өзбекстан президенті әкімшілігі басшысының орынбасары Комил Алладжонов табыс етті. Турнир қорытындысы бойынша 2-орынды Өзбекстанның «Мы» командасы, 3-орынды да жергілікті «Мистерия» командасы иеленген. Жеңімпаз командаға 100 млн сум көлемінде сыйақы табысталды. Екінші орын үшін 60 млн сум, үшінші орынға 40 млн сум сыйақы берілді.