352.09 431.00 5.39
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Орталық Азия елдерінің басшылары Қазақстандағы Өзбекстан жылының ашылу рәсіміне арналған концертке қатысты

  • 415

Астанада еліміздегі Өзбекстан Республикасы жылының ресми түрде ашылуына арналған гала-концерт өтті.

Салтанатты кешке мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев пен Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев және Орталық Азия елдерінің жетекшілері қатысты. Жиында сөз алған Нұрсұлтан Назарбаев бүгінгі таңда қазақ-өзбек байланысының одан әрі нығая түскенін айтты. Сонымен қатар Елбасы ресми Астана мен Ташкенттің қазір болып жатқан көптеген халықаралық жағдайларға деген көзқарасының бір екенін жеткізді. Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев екі ел арасындағы достық байланыстың дамуына зор үлес қосқаны үшін Шавкат Мирзиёевті бірінші дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қымбатты қонақтар, достар! Өзбекстанның Қазақстандағы жылының салтанатты түрде ашылу рәсіміне баршаңыз қош келдіңіз. «Астана Опера» театрының тамаша залында өтіп жатқан бұл шараның ерекші мәні бар екенін атап айтқым келеді. Біріншіден, бұған Өзбекстан Президенті Шавкат Миромонович Мирзиеев қатысып отыр. Оның екі ел арасындағы шынайы серіктестік пен одақтастық қарым-қатынасты нығайтуға қосқан үлесі өте зор. Бір жарым жылдық президенттік қызметінің арқасында барлық көршілерімен тіл табысып, бәрімізді достастырып, бүгінгі бес ел басшыларының Астанаға келуіне өте зор үлес қосты. Екіншіден, бәрімізге ортақ қасиетті Наурыз мейрамы қарсаңында кездесіп отырмыз. Келе жатқан шуақты мерекемен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын. Өзбекстан мен Қазақстанның халқын құттықтаймын.

Шавкат Мирзиёев, Өзбекстан Республикасының Президенті:

- Өмірде өте бақытты адамдар болады. Мен қазір өзімді сондай адамдардың қатарына жатқыза аламын. Себебі Сіз сияқты ұлы адамның қолынан марапат алу мені бақытқа бөледі. Екі елдің достық қарым-қатынасының беки түсуіне сіздің қосқан үлесіңіз ұшан-теңіз. 

Салтанатты кеш мерекелік концертке ұласты. Орталық Азия елдерінің көшбасшылары бауырлас Өзбек халқының өнерін тамашалады. Сахна төрінде алдымен хореографиялық қойылым көрсетілді. Кейін көрермен назарына Абай Құнанбаев пен Әлішер Науаи өлеңдерінің негізінде жазылған «Достық - қазына маржаны» атты поэтикалық қойылым ұсынылды. Сондай-ақ өзбекстандық өнерпаздардың орындауында қазақтың ұлттық ән-жырларынан шашу шашылды.

Хабар 24 телеарнасы