356.54 417.80 5.38
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Алғаш рет Қазақстанда оқытылған пән Әзербайжанның оқу бағдарламасына енуі мүмкін

  • 142

«Жалпы түркі тарихы» кітабы келер жылы Әзербайжан мектептерінің оқу бағдарламасына енуі мүмкін.

Түркі академиясы дайындаған бұл оқу құралы барлық түркітілдес елдерге арналған. Алғашқы болып оны мектептерде біздің ел оқыта бастады. Кітаптың шығуына Қазақстан, Әзербайжан, Түркия және Қырғызстан мамандары 4 жыл уақытын сарп еткен.

Жаңа кітаптың мазмұны мақұлданғаннан кейін Әзербайжан мектептерінде «Жалпы түркі тарихы» атты жаңа пән енгізіледі. Білім министрлігінің хабарлауынша, оқулықтың қолданысқа енгізілуі үшін түркітілдес елдер ынтымақтастық одағының  өзара келісімі қажет. Мамандар бұл өзгеріс елдің білім беру саласында үлкен жетістік екенін айтады.

Фаиг Алекберли, Ғылым академиясының ғылыми жетекшісі:

– Дайындауға біраз уақыт кетсе де, барынша жетілдіріп шығарды. Қазақстан оқу құралын мектептеріне енгізген алғаш мемлекет болды. Басқа да түркітілдес елдер бұл Қазақстаннан үлгі алатынына сенімдімін. Биыл болмаса да, келесі жылдан бастап Әзербайжан мектептерінде де «Жалпы түркі тарихы» пәні енгізіледі деген үміт бар. Бұл түркітілдес елдердің бірігуіне оң үлесін қосады.

Жаңа пән 8-сыныптан бастап оқытылады. Мамандар 15-ғасырға дейінгі тарихы қамтылған оқулықтың өскелең ұрпаққа беретін тәрбиелік маңызы зор екенін айтады.

Санубар Исмаилова, БГУ доценті:

– Менің ойымша, бұл пәнді міндетті түрде әр мектепте енгізу керек. Тарихын білген ұрпақтың болашағы айқын. Кітапта түркітілдес елдердің 15-ғасырға дейінгі тарихы ғана жазылған. Одан кейінгі тарихи оқиғалар басқа атаумен шығатын болар. Өйткені 15-ғасырдан бастап тарихта біраз өзгерістер болды.

Оқулық мақұлданғаннан кейін мемлекеттік бюджеттен қаражат бөлініп Әзербайжанның барлық жалпы білім беру мекемелері  кітаппен қамтамасыз етіледі. Жалпы тарих пәнінен басқа, Түркі академиясы жалпы түркі әдебиеті мен жағрапиясы оқулығын да шығармақ ниетте.

Авторлары: Шафаг Алиева, Айгюн Гасан

Хабар 24 телеарнасы