USD 346,51

EUR 401,20

РУБ 5.48

Алматы облысында заманауи тауарлы-сүт фермасы ашылды

Алматы облысында заманауи тауарлы-сүт фермасы ашылды

Алматы облысының Көксу ауданында сүт өндірудің жаңа әдісі бойынша жұмыс істейтін тауарлы-сүт фермасы ашылды.

Заман талабына сай кешен бастан-аяқ автоматтандырылған. Фермадағы сиырларға роботтар күтім жасап, уақытылы сауып тұрады. «Сәйкесінше, өндірілген өнімнің сапасы да жоғары болады», – дейді мамандар.

Көксу ауданындағы бұл тауарлы-сүт фермасы мемлекеттік-жекеменшік әріптестігі негізінде ашылған. Жобаны жүзеге асыру үшін жалпы құны 2 млрд теңгедей қаржы жұмсалды. Ферманың ішіндегі ауаның өзі жыл мезгіліне сәйкес жылытылып-салқындатылады. Желіні сыздаған сиырлар сауын аппаратына өз еркімен барады екен. Сауыншы – робот. Сондықтан бұрынғыдай қолдарына шелек ұстап, ары-бері сүт тасып жүретін адамдарды көрмейсің.

Жанат Максим, тауарлы-сүт фермасының операторы:

- Мойнына қарасаңыздар, нөмірі мен жібі бар. Сол нөмір арқылы чип оқылады да, чиппен сиыр кіреді. Егер сиыр бір рет кіріп, тағы да айналып кірсе, ол чип оқылады да, сиырды екінші мәрте саумайды.

Мұндағы Зеңгі баба төлінің барлығы Германиядан әкелінген. Голштина-Фриз тұқымды сауын сиырлардың әрбірі тәулігіне 40-45 литрдей сүт береді. Әзірге фермада 160 бас сиыр бар. Алдағы 1-2 айдың ішінде шетелден қосымша 200 құнажын жеткізіледі.

Рақым Кәрімов, тауарлы-сүт фермасының басшысы:

- Бұл 400 басқа арналған жоба. Дегенмен болашақта фермадағы сауын сиырлардың санын 600 басқа жеткізуді көздеп отырмыз. Оған жем-шөбіміз емін-еркін жетеді. Шаруашылықты кеңейтуге толық мүмкіншілігіміз бар.

Нұрдәулет Кененбаев, Көксу ауданы әкімінің орынбасары:

- Жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында биылғы жылы ауданымызда бір кооператив құрылды. Бұл кооператив жыл басынан бері бір мың тонна сүт жинап, сүт зауытына өткізді. Енді келешекте кооперативтерді ары қарай дамытсақ деген ойымыз бар.

Көксу ауданы бойынша сүтті бағыттағы асылтұқымды сиырлардың саны жылдан жылға көбейіп келеді. Ауданда жалпы саны 30 мыңдай Зеңгі баба төлі болса, соның 13 пайызы – асылтұқымды. Жақын арада тап осындай тағы бір тауарлы-сүт фермасы іске қосылады. Мұндай кешендер мал тұқымын асылдандыру жұмыстарына тың серпін береді. «Ұрғашы мал фермада қалса, бұқаларын жергілікті шаруашылықтардың сатып алуына жағдай жасаймыз», дейді аудан басшылары.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Олжас Байбосынов

Хабар 24 әлеуметтік желілерде