361.94 431.00 5.40
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Шудағы теміржол апатына қатысты қылмыстық іс қозғалды

  • 277

Жамбыл облысы Шу қаласы маңында болған апатқа қатысты қылмыстық іс қозғалды.

Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін отандық және ресейлік мамандар тартылған. Ал апатты тексеру комиссиясы болған жағдайдың бір ықтимал себебін жоққа шығарды. Қазір ғана Шу стансасында осыған қатысты брифинг ұйымдастырылды.

Брифинг ҚР Көлік комитеті төрағасы Әсет Асавбаев пен ҚТЖ ҰК АҚ басқарма төрағасы Қанат Алпыспаевтың қатысуымен өтті. Онда апат бойынша құрылған комиссияның жұмысы бойынша айтылды. Қазір оқиға болған жерде жедел штаб құрылды. Арнайы комиссия мән-жайды анықтап, саралап жатыр. Шақыртылған мамандар ғылыми-техникалық зерттеу мен пойыздың жағдайын модельдейді. Комиссия сарапшылардың жұмыс нәтижелерін апаттың себеп-салдарын анықтау кезінде ескеретін болды. Қазір теміржол учаскелеріндегі пойыздардың қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету қатаң бақылауға алынды. Бірақ оқиғаның нақты неден болғаны белгісіз күйінде қалып отыр.

Қазір шығын көлемі саналып жатыр. Сондай-ақ бүгін апат болған жерді жөндеу, қалыпқа келтіру жұмыстары қайта жанданды. Оған 9 бірлік техника, 300 жұмысшы жұмылдырылды. Жұмыстарды түнгі 23:00-ге дейін аяқтау жоспарланып отыр. Қозғалыс тоқтатылған жоқ. Пойыздар екінші жолмен өтіп жатыр. Айта кету керек, тексеру комиссиясы болған жағдайдың бір ықтимал себебін эксперимент арқылы дәлелдеп, жоққа шығарды.

Қазір жол телімінің инфрақұрылымы техникалық тексеруден өткізілуде. Жылжымалы құрамның интрументарлық өлшемі жасалып жатыр. Қызметтік тергеу де жүргізілуде. Нақты апаттың себебі мен қорытындысы 1 ай уақыт көлемінде шығарылуы мүмкін.

Авторы: Руслан Бақытбекұлы

Хабар 24 телеарнасы