352.09 431.00 5.39
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қазақстанда жәрдемақының жаңа түрі енгізілді

  • 355

Бұл қаражат кәмелет жасынан асқан І топтағы мүгедектердің қамқоршыларына төленеді.

Мемлекет тарапынан мұндай көмекті 14 мыңнан астам отбасы алады деп көзделіп отыр. Бұған дейін бірінші топтағы мүмкіндігі шектеулі жандар 18 жасқа толған соң, олардың ата-аналарына төленетін жәрдемақы тоқтатылатын.

Астана тұрғыны Нағима Жұмабектің ұлы Ержан – І топтағы мүгедек. Жасы 28-де. Анасы «баламды бағып-қағуға шамам жеткенімен, күтіміне қаражат керек. Мемлекеттің осындай жандарға қамқорлық жасағаны өте құптарлық іс», – дейді.     

Нағима Жұмабек, қала тұрғыны:

- Егер оның өзінің денсаулығы жақсы болып, жұмыс істеп сол қаражатты өзі тапса, одан артық бақыт болмас еді. Бірақ мүгедек болған соң үйде отыр. Оған күндіз-түні күтім керек. Қараусыз қалдыруға болмайды. Аспаз болып түнгі ауысымда істеймін. Күндіз мен, түнде әкесі қарайды. Былтыр пәтер алдық. Енді жәрдемақы тағайындалып жатыр. Осының бәрі  Елбасының жанашырлығы деп білеміз.

Жәрдемақының бұл түрі 18 жастан асқан І топтағы мүгедектерге күтім жасайтын адамдарға төленеді. Оның көлемі ең төменгі күнкөріс деңгейінің 1,05 мөлшеріне тең немесе 29 699 теңге. Жәрдемақы өмір бойына тағайындалады. Тек кәмелетке толмағандар, жүйке ауруы мен наркологиялық диспансерде тіркеуде тұрғандар қамқоршы бола алмайды.

Балжан Баяхатова, ҚР ЕХӘҚМ департаменті директорының орынбасары:

- Бір жанұяда екі мүгедек болса, мүгедекті бағып отарған әр адамға төленеді. Егер де отбасында екі және одан да көп бала жастан І топтағы мүгедек болатын болса, жәрдемақы әрқайсысына төленеді. Егер де оларды бір емес, бірнеше адам бағып отыратын болса, тек бір адамға төленеді.

Жәрдемақының бұл түрін шамамен еліміз бойынша 14 мыңнан астам отбасы алады.

Айта кетейік, қамқоршыларды жылына екі мәрте ауыстыруға рұқсат бар. Сондай-ақ олар бірге немесе жақын маңда тұруға міндетті.

Хабар 24 телеарнасы