352.09 431.00 5.39
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қазақстанда «Айбын» халықаралық әскери-патриоттық жастар жиыны басталды

  • 306

Бүгін елімізде «Айбын» халықаралық әскери-патриоттық жастар жиыны басталды.

Елордамыздың 20 жылдығына арналған дәстүрлі шара Қарағанды облысының «Спасск» оқу орталығында ұйымдастырылды. Болашақ сарбаздар арасында төртінші мәрте өткізіліп жатқан байқау апта соңына дейін жалғасады.

«Айбын-2018» республикалық әскери-патриоттық жастар жиынын еліміздің Мемлекеттік хатшысы ашты. Болашағын әскери саламен байланыстыратын жастардың ниетіне оң баға берген Гүлшара Әбдіқалықова қатысушыларға сәттілік тіледі. Сондай-ақ іс-шараға Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-лейтенант Талғат Мұхтаров, Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов, Парламент депутаттары, Қарулы Күштерінің ардагерлері және шақырылған қонақтар қатысты. Жиын ҚР ҚК Бас штабы бастығының орынбасары генерал-майор Мұхамеджан Таласовтың жетекшілік етуімен өтіп жатыр.

Талғат Мұхтаров, ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары:

– Еліміздің дамуы мен өркендеуі, келешегі жастарға тікелей байланысты. Елбасы Қарулы күштеріміздің Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «еліміздің келешегі жастардың қолында деген сөзі» жастарға қандай жауапкершілікті жүктеп отырғанын айқын көрсетеді.

Салтанатты шара барысында еліміздің қарулы күштерінің жауынгерлері мен десанттар түрлі әскери операцияларды орындау машықтарын көрсетсе, ұшқыштар әуеде асқан шеберлігін көрермен назарына ұсынды. Жалпы биылғы жиынға еліміздің әскери-патриоттық клубтары мен «Жас Ұлан» республикалық мектептерінен 600-ден астам тәрбиеленуші келген.

Әлішер Қартбай, Ақтөбе облысының «Сарбаз» әскери-патриоттық клубының тәрбиеленушісі:

– «Айбын» әскери-патриоттық жиынына Ақтөбе қаласында 3 ай дайындалдық. Дайындығымыз – биік кермеге тартылу, 3 шақырым жүгіру және әскери жаттығулар жасау.

Жиын соңында құрметті қонақтар жастардың шатырлы қалашығын аралады. Қорғаныс министрлігі, Қарағанды облысының әкімдігі және «Жас Сарбаз» республикалық әскери-патриоттық қоғамдық бірлестігі өзара үшжақты әріптестік меморандумға қол қойды.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Ерзат Заитхан

Хабар 24 телеарнасы