359.76 423.70 5.47
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ақмола облысында былапыт сөйлеген мәдениет бөлімінің басшысы жұмыстан қуылды

  • 128

Былапыт сөзі үшін Ақмола облысының білдей шенеунігі жұмысынан қуылды.

Қарамағындағы қызметкерді кемсіткен Сандықтау аудандық мәдениет бөлімінің басшысын әдеп жөніндегі кеңес лауазымынан босатты.

Өзге емес, білдей мәдениет бөлімінің басшысы болған атышулы азаматша осы. Қарамағындағы қызметкерді кемсітіп, қияңқы мінез көрсеткенін мойындағысы жоқ. «Әдеп сақтаңыз!» деген қызметкеріне: «сенің этикаң кімге керек?!» деп дөрекілік танытқан. Басшысының бұл сөздерін жәбірленуші де қалт жібермей аудиотаспаға жазып алыпты.

Бірақ мойындамады. «Сөз ауыздан шыққанша оған сен, ауыздан шыққан соң ол саған қожа» деген бекер емес-ау. Бейәдеп сөйлегені үшін мәдениет бөлімінің басшысын әдеп жөніндегі кеңес мүшелері қызметінен босату туралы шешім қабылдады. Бұл бір ғана дерек емес.

Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласы әкімінің орынбасары мас күйде көлік басқарып, бір адамды қағып кеткені елдің есінде. Ол шенеунік те қызметінен кетті. Жалпы биылғы жарты жылда еліміздің әдеп жөніндегі кеңесі 184 істі қараған. Нәтижесінде 10 мемлекеттік қызметкер жұмыстан босатылып, бірақатары айыппұлмен құтылды.

Равиль Төлебаев, ҚР МҚІСЖҚІҚ агенттігінің департамент директоры:

- Әкімшілік істерге келетін болсақ, осы жартыжылдықта 187 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде агенттік әкімшілік іс қозғауға құқылы. Мемлекеттік қызметшілермен әкімшілік лауазымға орналасу бойынша тәртіп бұзған 99 мемлекеттік қызметкер жауапқа тартылды. Заңсыз кәсіпкерлікпен айналысқан екі тұлға жауапкершілікке тартылды. Олар – селолық округтің әкімдері.

Равиль Төлебаевтың айтуынша, елімізде кәсіби мемлекеттік аппарат құрылды. Енді қызметкерлердің мәдениетін жоғарылату өзекті. Бұл тұрғыда оң өзгерістер жоқ емес. Айталық, 2015 жылмен салыстырғанда әдеп нормаларын бұзу дерегі бүгінде 43 пайызға төмендеген. Әлі де азайту мақсаты тұр. Сондықтан мемлекеттік органдарда әдеп жөніндегі арнайы уәкіл жұмыс істейді.

Асхат Оңдағанов, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің әдеп жөніндегі уәкілі:

- Соның бірі Ауыл шаруашылығы министрлігінде. Біздің кеңесімізге өткен жарты жылдың ішінде 300-ден аса азамат жүгінді. Биыл министрлікте әдеп бойынша 12 іс қаралды. Оның ішінде 10 азаматтың әдеп сақтамағаны дәлелденіп, жауапкершілікке тартылды.

Зәуреш Батталова, жемқорлыққа қарсы арнайы мониторинг тобының мүшесі:

- Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттікте қазір әдеп жөніндегі арнайы құрылым жұмыс істейді. Жемқорлық пен бейәдеп қылықтың куәсі болсаңыз, «1424» нөмірін теріп, агенттіктің байланыс орталығына хабарласа аласыз. Осылайша агенттік қоғаммен ашық байланыста болуды көздейді.  

Авторлары: Қорған Төреқожа, Ерлан Наурызбаев

Хабар 24 телеарнасы