356.54 417.80 5.38
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ақтөбеде жедел жәрдем көрсетудің сапасы артқан

  • 128

Ақтөбеде жедел жәрдем қызметінің сапасы айтарлықтай артқан. Қазір дәрігерлер діттеген жеріне орташа алғанда 8-10 минут аралығында жетеді.

Сала мамандары көрсеткішті жақсартуға жедел қызмет көрсетудің жаңа ережесі оң әсер етті деп отыр.

Балалар дәрігері Артем Леонов жол бойы кезекші диспетчерден түскен науқас балалар туралы ақпаратпен танысып үлгеруі қажет. Үйіне жеткенше алдын ала жоспар құрып, ем-дом көрсетудің бірнеше әдісін ой елегінен өткізеді. Бүгінгі жұмыс күні 9 айлық сәбиге көмек көрсетуден басталды.

Марта Қамашева, қала тұрғыны:

- Бүгін балам ауырып қалды. Температура болды. Соған шақырдым. Тез келеді. 20 минутта болды уже. Өте жақсы жасайды жұмысты. 

Елімізде жедел медициналық жәрдем көрсету ережелеріне сәйкес мұндай жағдайда дәрігерлер жарты сағаттың ішінде жетуі тиіс. Яғни, 3-ші дәрежелі қоңырау. Ал, науқастардың өміріне қауіп төнсе, бірінші және екінші санатты боп есептеледі. Сәйкесінше, жедел жәрдем 5 минуттан 15 минутқа дейін жетуі қажет. Бірақ ақ халаттылар минутпен есептесіп, секундпен санаспаймыз дейді.

Артем Леонов, облыстық жедел жәрдем қызметінің дәрігері:

- Мен кішкентай балалармен жұмыс жасағанды ұнатамын. Сондықтан да педиатр мамандығын таңдадым. Бұл жұмыста ең бір жақсы сәт жасаған емнің шипалы болып бүлдіршіннің күлгені және ата-ананың шын ризашылығы. Еңбегімнің әділ бағасы сол деп білемін.

Жедел жәрдем көлігін 26 жыл бойы жүргізіп келе жатқан Виктор Донченко жүргізушілердің кез-келгені жол бермейтіндігін айтады. Әлі де болса қиылыста, кесе көлденең тұрып алатын адамдардың кесірінен санаулы секундтарды жоғалтамыз дейді.

Виктор Донченко, жедел жәрдем қызметінің жүргізушісі:

- Науқасқа асығып бара жатқан жедел жәрдем көлігінің алдынан өтіп кетуге тырысады. Қасақана жолды бөгеп тастамағанымен, үлгеремін деп, алдымызға шығып алады. Шамамен он көліктің екеуі десем де болады. Сондықтан сирена мен төбеміздегі арнаулы белгілерге сеніп қалуға да болмайды.

Ақтөбе облыстық жедел жәрдем қызметінің техникалық базасы еліміздегі ең мығым медициналық мекемелердің бірі. Жеке меншік және мемлекеттік әріптестік аясында сенімгерлік басқаруға берілген. Сәйкесінше, су жаңа ғимараты салынып, заманауи автокөліктер сатып алынды. Шетелдік инвестор бұл жобаға үш жарым миллиард теңге қаражат қосқан. Жалпы облыс орталығында тәулігіне 60-тан астам жедел жәрдем көлігі қызмет көрсетеді. Күнделікті 500-600 қоңырау түсіп отырады.

Айжан Аманжолова,  жедел жәрдем қызметінің аға дәрігері:

- Негізінен маусымдық ауруларға қатысты қоңыраулар түседі. Мәселен жаз кезінде ішек инфекциялары мен аяқ-қолдарын сындарған балаларға көмек көрсетеміз. Ал, күз келгенде салқын тиіп, тұмаулатқан аурулар жиі шақырады.

Жедел жәрдем қызметін Ақтөбеде бір орталықтан басқаруға алғашқы қадамдар жасалған. Яғни жаңа жүйе өңірдегі барлық медицина мекемесімен байланыста. Және денсаулық сақтау министрлігімен де күнделікті ақпарат алмасып отыруға мүмкіндік береді.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айбек Даутов, Гүлмира Досмұратова

Хабар 24 телеарнасы