352.09 431.00 5.39
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

«Үздік қазақтілді интернет-сайт сыйлығы» байқауы жарияланды

  • 65
«Үздік қазақтілді интернет-сайт сыйлығы» байқауы жарияланды

Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасының қоры үздік қазақтілді интернет-сайт байқауына өтінімдер қабылдау басталғанын жариялады.

Байқау өткізудегі серіктес – Мемлекеттік тілді дамыту қоры.

Байқау мақсаты – интернет жүйесіндегі үздік қазақтілді ресурстарды анықтау мен насихаттауға, олардың саны мен сапасын арттыруға, ақпарат кеңістігінде қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуге және үздіктердің танымалдылығын көтеруге ықпал ету.

Байқау үшінші рет өткізіліп отыр. Өткен екі жылда 17 отандық қазақтілді сайттар байқау лауреаттары атанып, ақшалай сыйлыққа ие болды.

Сыйлық мынадай номинациялар бойынша тағайындалады:

«Өткір тіл» – қазақ тілін және ұлттық құндылықтарды насихаттаушы үздік сайт;

«Рухани азық» – қазақ әдебиеті мен мәдениеті туралы материалдарды шығаратын үздік сайт;

«Терең ізденіс» – қазақ елінің тарихын насихаттаушы үздік сайт;

«Шынайы өмір» – қоғамдағы өзекті мәселелерді талқылайтын үздік сайт;

«Спорт тынысы» – салауатты өмір салты мен спортты насихаттаушы үздік сайт;

«Білім бұлағы» – білім беретін үздік сайт;

«Жастар әлемі» – жастар тақырыбына арналған үздік сайт;

«Аймақ айнасы» – үздік аймақтық сайт;

«Балаларға базарлық» – балаларға арналған үздік сайт;

«Ойын- сауық» – үздік ойын-сауық сайты.

Әрбір номинация бойынша жеңімпазға 385 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлық тапсырылады. Байқау қорытындысы осы жылғы қараша айының соңында шығады.

Байқау жеңімпаздарын белгілі қоғам қайраткерлері, қаламгер-журналистер мен байқау құрылтайшыларынан жасақталған қазылар алқасы анықтайды.

Қазылар алқасы сайттарды мазмұны, қызмет бағыты, интерактивтілігі, көркемдік жағы, идея ерекшелігі, тартымдылығы секілді талаптар бойынша саралап, жеңімпаздарды анықтайды.

Байқауға үкіметтік емес, тәуелсіз қоғамдық сайттар, ғаламтор кеңістігіндегі тәжірибесі кемінде бір жылды құрайтын, қазақ тілінде ақпарат тарататын және қызмет түрі Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына қайшы келмейтін кез келген сайт қатыса алады. Байқауға мемлекеттік органдардың, шетелдік ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының электронды нұсқалары (газет, тв, радио) қатыса алмайды.

Байқау ережесімен Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы Қорының www.fpp.kz және Мемлекеттік тілді дамыту қорының www.qazaq-found.kz сайттарынан танысуға болады.

Байқауға өтінімдер Мемлекеттік тілді дамыту қорының info@qazaq-found.kz электронды мекенжайына 2018 жылдың 10 қыркүйегінен 10 қарашасына дейін жіберілуі тиіс.

Хабар 24 телеарнасы