Жапония EXPO көрмесінде ең озық технологиялар мен инновацияларын таныстырады

Бүгін Токиода Жапонияның «ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесіне қатысуы туралы шартқа қол қойылды.

Құжатқа «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ Басқармасының төрағасы Ахметжан Есімов пен Көрменің жапондық секторының Комиссары Томиясу Накамура қол қойды.

Ұлттық компания басшысы Жапонияның Көрмеге қатысуын алғашқы болып растаған елдердің бірі екендігін атап өтті.

Ахметжан Есімов Астана қаласында «Болашақ энергиясы» тақырыбында «ЭКСПО-2017» көрмесін өткізу бастамасына қолдау көрсеткендіктері үшін жапондық тарапқа алғыс білдірді.

«Жапонияның осындай іс-шаралар өткізудегі Осака, Цукуба және Аичи қалаларындағы «ЭКСПО» көрмелері кезінде көрсеткен іс-тәжірибесі мен табысы біз үшін көрмені сапалы ұйымдастырудың жарқын мысалы болып табылады», - деді Ахметжан Есімов.

Өз кезегінде Жапония секциясының комиссары баламалы энергетика облысында алдыңғы қатардағы орындардың бірінде тұрған ел ретінде Жапония «ЭКСПО-2017» көрмесінде өзінің ЖЭК саласындағы ең тамаша жетістіктерімен таныстыратындығын мәлімдеді.

«ЭКСПО-2017» біздің мемлекетіміздің жаңартылатын энергия көздері облысындағы ғылыми әлеуетімен таныстыруға арналған алаңға айналады және осы саладағы көпжақты әріптестіктің дамуына түрткі болады», - деп мәлімдеді Томиясу Накамура.

Естеріңізге сала кетелік, «Астана ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесіне қатысушы елдердің тізімін жасау процедурасы екі кезеңнен тұрады – көрмеге қатысуды ресми түрде растау, содан кейін қатысу шартына қол қою.

Қазіргі кезеңде 105 ел, 17 халықаралық ұйым өздерінің «ЭКСПО-2017» көрмесіне қатысатындықтарын растады, 82 ел көрмеге қатысу шартына қол қойды.