ITB көрмесінде EXPO-2017 логотипі брендке айналды

Қазақстан делегациясы Берлиндегі ITB халықаралық туристік көрмесіне қатысты.

Биыл бұл шараға отандық 20 туристік агенттік атсалысты. Олар қазақ елінің туристік әлеуетін паш етіп, шетелдіктерді «Экспо» көрмесіне шақырды.

ITB көрмесінде «Экспо» логотипі брендке айналды. Осы арқылы Қазақстанды ел танып жатыр. Ал шетелдік саяхатшыларға көрсетеріміз де көп. Тың ормандар, тау шаңғысы курорттары мен кең байтақ даламыз бар. ITB-де туристік операторлар «Экспомен» бірге Қазақстанға саяхат ұйымдастыруды ұсынып отыр. Берлиндегі көрме келісімшарт жасасып, серіктестермен кездесетін беделді алаң.

Марат Игали, ҚР Әлемдік Туризм индустриясы департаментінің директоры:

- Бұл жерде келісімшарт жасалып, турпакеттер сатылады. Жаңа ғана маған Қытай делегациясы жолықты. Бәрі Димашты сұрайды. «Экспоға» келгілері келеді. Біз мұнда ұлттық туроператорларды алып келдік. Бұл жерде «Экспоға» билет алуға мүмкіндік бар. Адамдар қызығушылық танытады және келіп билет сатып алады.

100-ден аса мемлекет «Экспоға» қатысатыны жөнінде келісімге қол қойды. Көрмеге 5 миллион адам келуі ғажап емес.

Роза Асанбаева, «Атамекен» КҰП Туризм саласы комитетінің төрағасы:

- «Экспо» бұл біздің туроператорларға емтихан сияқты. Ішкі және сыртқы туризм бойынша жұмыс жасап, «Экспо» қонақтарын қабылдауға дайын екендігін көрсетуі тиіс. Біз сіздерді күтеміз!

Шетелдіктерді, әсіресе қазақтың әшекей бұйымдары қызықтырды. Көрмеде әдемі сырға, сақина мен білезіктерді көріп қана қоймай, өзін зергер ретінде байқауға мүмкіндік туды. Бұл қажырлы жұмыс табандылықты талап етеді. Бірақ шебердің жетекшілігімен нағыз туынды жасауға болады.

Танымал зергер Берік Әлібайдың ұлы да қолөнермен айналысады. Бала күніннен әкесінің жолын қуып, өнер үйренді. Қазір оның қолындағы күміс балқып, әрбір әйел армандайтын әдемі әшекейге айналады.

Зият Берікұлы, зергер:

- «Экспо» көрмесіне көптеген шетел азаматты келеді. Соған дайындалып жатырмыз. Киіз үйлер тігіледі. Сол киіз үйлерде біз шет азаматтарына өнерді таныстырып, көрсетуге тырысамыз. Мұражай ашылып жатыр. Сол мұражайда шеберлік сабағын өткіземіз, күй шертеміз, қобызда ойнаймыз.

Жыл басынан бері Қазақстан 55 мемлекет азаматына 30 тәулік визасыз режим енгізді. Оның ішінде Германия да бар. Бундестаг депутаттары жаңа ереже Қазақстанның туристік саласына оң әсерін тигізетіні сөзсіз дейді.

Юрген Климке, Бундестаг депутаты:

- Менің ойымша, Қазақстандағы туризм экономика үшін зор әлеуетке ие. Оның табиғаты керемет және көрнекті жерлері де аз емес. Ал «Экспо» – Орталық Азиядағы ғылым, экономика, өнеркәсіп саласының болашағын көрсету үшін үлкен мүмкіндік. «Экспоны» іске асыру Қазақстанның ғана емес, бүкіл әлемнің жетістігі болады.

ITB көрмесінде биыл жәрмеңкеге 180-нен аса мемлекет қатысып жатыр. Көрме апта соңына дейін жалғасады.

Авторлары: Шолпан Найманбаева, Милослав Лавриновский