Елімізде ЕХРО-2017 көрмесіне билет сататын 17 ресми касса ашылды

Елімізде ЕХРО-2017 халықаралық көрмесінің 17 ресми билет сату кассасы ашылды.

Көрмеге келем деушілер жолдаманы «Қазпошта» бөлімшелерінен де сатып ала алады. Сондай-ақ барлық облыстарда кассалар жұмыс істейді. Ал Астана тұрғындары мен қонақтары билеттерді елордамыздағы ірі ойын-сауық орталықтарынан сатып алып жатыр.

Билеттің жоғарғы бағасы - 8 мың теңге. Оны көрмеге кез келген күні келем деушілер ала алады. Жұмыс күндері келуге ниет білдірушілер үшін жолдама құны 4 мың теңге және демалыс күніне белгіленген билет бағасы 6 мың теңге. Мектеп оқушылары, студенттер, зейнеткерлер мен көпбалалы аналар үшін 50 пайыздық жеңілдік қарастырылған. Ал соғыс ардагерлері, мүмкіндігі шектеулі жандар мен алты жасқа дейінгі бүлдіршіндер үшін көрмеге келу тегін.

Айта кетейік, тағы қосымша 38 ресми касса көрші Ресейдің ірі қалаларында да пайда болды. Өзге шетелдіктер билеттерді www.expo2017astana.com сайтынан онлайн тәртіппен немесе ЕХРО көрмесіне келген бойда сатып ала алады. Бүгінге дейін барлығы 670 мың билет сатылған.

Айдын Әміреев, EXPO-2017 Коммерциялау департаментінің менеджері:

- Бұдан бұрын алдыңғы жылдың желтоқсан айында «Хан Шатыр»«Керуен»«Мегапарк»«Алматы» сауда орталықтарында билет кассалары ашылған болатын. Бұдан бұрын «Меломан» сауда орталықтарында 15 касса және «Қазпоштаның» 981 бөлімінде кассалар ашылған болатын.