427,15 523.00 5.95
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Жағдайы төмен отбасылар үшін тұрғын үй бағдарламасын іске қосу ұсынылды

  • 335
  • UPD: 12:50, 27.05.2021

Мәжіліс депутаттары жаңа тұрғын үй бағдарламасын іске қосуды ұсынды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ол жағдайы төмен отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға арналуы тиіс.

Жаңа бағдарлама құру ұсынылды

Елімізде жағдайы төмен отбасыларға жаңа тұрғын үй бағдарламасы түзілу керек. Жеңілдетілген пәтер үшін алғашқы жарна сұралмауы тиіс. Тіпті несиеге пайыздық мөлшерлеме белгіленбеуі қажет. Қазақстан халық партиясының депутаттары осындай бастама көтерді. Олардың ойынша қазіргі мемлекеттік бағдарламалар табысы жақсырақ азаматтарға арналып жасалған. Ал жағдайы төмен отбасылар мен ерекше бала өсіріп отырғандар үшін тиімсіз. Мәжіліс депутаты Айжан Скакова мұндай жандардың өздеріне үй салу мүмкіндігін беру керек. Сайлауалды бағдарламада да бұл партия әр отбасыға 20 сотық жерден бөліп беру жайын көтерген болатын. Енді халық қалаулылары сол уәделерін орындауға кіріскен сыңайлы.

Инвесторлар ойланып қалды

Еліміздегі криптовалюта өндірушілерге қосымша салық салынбақ. Заңға енгізілуі тиіс өзгеріске сай келесі жылдан бастап, инвесторлар 1 киловатт сағат үшін 1 теңге төлеуге міндетті. Технологиялық үрдіске қосымша салық салу ұсынысы бір ай бұрын көтерілген. Міне құжат сенат қарауына кетті. Бірақ сала өкілдері бастаманы құптамайды. Өйткені жай-жапсары алдын ала талқыланбаған көрінеді. Блокчейн және дата-орталықтар индустриясының президенті Алан Дорджиев жаңашылдық инвесторларға ұнамағанын айтады. Олар салаға 80 млрд теңге инвестиция құйған. Әрі негізгі салықты уақтылы төлеп отыр. Енді америкалық, европалық ірі инвесторлар заңға әп-сәтте өзгеріс енгізіле салатын мемлекетке қаржы құйып, тәуекел ете алмайтынын жеткізген. Бүгінде елімізде 17 дата-орталық бар. Инвесторлардың қолдауынсыз олар түкке жарамай қалады. Себебі технологиялар 2-3 жыл сайын жаңартылып отыруы тиіс. Қазір мұндай орталықтар 500 мВт энергияны тұтынады. Бұл үшін жылына 57 млрд теңге төлейді екен.

Ажырасу және экономика

Америкалық зерттеушілер некенің жан басына шаққандағы ЖІӨ-нің өсуіне тікелей әсер етеді дейді. Ал Батыс елдерде жар таңдауға үлкен көңіл бөлінеді. Себебі, баянсыз махаббаттың соңы тақырға отырғызады. Сондықтан мұндағылар заңды некеге тұрудың орнына келісімшарт жасай салғанды жөн көреді. Ал Европада ажырасу жағынан Ресей мен Украина көш бастап тұр. Кедейшілік, жұмыссыздық, отбасын асырауға қауқарсыздық жұптардың бөлек кетуіне алып келеді. Біздің елде де жағдай осы. Статистика комитеті хабарлағандай, ажырасқандар арасында бала сүйе алмағандардың үлесі 36 проценттен асқан. Былтыр 40 мың ерлі-зайыпты бөлек кетті. Бұл алдыңғы жылдан 20 процентке көп. Бірақ табысқан жұптар 129 мыңға жуықтаған. Пандемияға қарамастан көрсеткіш 8 процентке ғана азайыпты. Бірақ Солтүстік Қазақстанда белсенділік төмен. Шымкентте ажырасу үлесі едәуір азайған. Бір-бірін түсінетін жандар осы жақта тұрады-ау соған қарағанда.

Албанияға жолдама алыңыз

Албания саяхатшылар үшін өз шекарасын ашады. Маусымда қазақстандықтар Алматы арқылы Киевке, кейін Албания астанасына бара алады. Бұл үшін чартерлік рейс қарастырылған. Бастысы чартер турға енуі керек. Бұл елде ПТР-тестілеу талап етілмейді. Дегенмен, Украина астанасында 12 жасқа дейінгі балалардан басқа барлық азаматтан сынама нәтижесі сұралады. Ал біздің елде вакцина алған жолаушылар мен бес жасқа дейінгі балаларға ғана ПТР-анықтамасынсыз ұшуға рұқсат. Вакциналау құжатын көрсету міндетті. Бір айта кетерлігі, Албанияда қазақстандықтарға үш айға дейінгі визасыз режим енгізілген. Қызық дерек, екі адамға арналған тур құны 850 мың теңгеден басталады. Оған ұшу, трансфер, қонақ үйде тұру, туркод және медициналық сақтандыру кіреді.

Енді еліміздегі валюта бағамына тоқталсақ, доллар 427 теңге 26 тиын, еуро 523 теңге 30 тиын, Ресей рублі 5 теңге 81 тиын.

Хабар 24 телеарнасы