Президент Ақмола облысының әкімін қабылдады
Ақмола облысында былтыр 22 мыңнан астам жаңа жұмыс орыны ашылған.
Оның 16 мыңы тұрақты қызмет. Сондай-ақ, өңірде ауыл шаруашылығы саласындағы жалпы өнім көлемі алғаш рет 1 триллион тенгеден асты. Облыс әкімі Ермек Маржықпаев Президентке осылай деп есеп берді. Сонымен қатар Президентке жылыту маусымының барысы, Көкшетау қаласындағы жылу электр орталығының құрылысы мен бірқатар инфрақұрылымдық жобаның жүзеге асырылуы жөнінде баяндалды. Кездесу соңында Мемлекет басшысы облыстың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерін одан әрі жақсарту және өңір тұрғындарының әл-ауқатын арттыру жөнінде бірқатар тапсырма берді.
Ермек Маржықпаев, Ақмола облысының әкімі:
- Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевқа Ақмола облысының 2022 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы туралыбаяндадым. Жалпы өңірдегі негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер орындалды. Сондай-ақ инфрақұрылымдық жобалар, ТЭЦ құрылысы, жылыту мауысымы барысы және туризмді дамыту туралы айттым. Президент бірқатар нақты тапсырмалар берді.