Алматылық ұстаз химия пәнін ерекше әдіспен оқытады

Алматылық ұстаз Ұлан Үсенов химия пәнін ерекше әдіспен оқытады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жапондық аниме кейіпкерлерімен түсірген бейне роликтеріне балалар мен ата-аналар бірден қызығушылық танытып,

Tik-Tok-ғы оқырмандары бір жарым айда 200 мыңға жеткен. Ерекше әдістің сыры неде?

Гүлжан Көленқызы, тілші:

- 28 жастағы Ұлан Үсенов 6 жылдан бері мектепте химия пәнінен сабақ береді. Екінің бірінің тісі батып, түсіне алмайтын пәнді тез ұғындыру әдісі туралы бұрыннан ойлап жүріпті. Соңында балалардың сүйіп көретін жапондық танымал «Наруто» мультфильмінің желісін пайдаланып, бейнероликтер түсіріп, Tik-Тok желісіне жүктей бастаған. Көп сөзден гөрі, нақты мысалмен түсіндіретін тәсілі аз уақытта көптің қолдауына ие болыпты.

Ұлан Үсенов, химия пәнінің мұғалімі:

- Құрамның өзгеруіне әкелетін түрлі химиялық реакциялар бар. «Нарутода» сондай кейіпкер бар. Өзінен бірнеше образдарды шығара алады, солай көбейеді. Былайша айтқанда, ол жалғыз болды, басқа образдар оның ішінде болады. Химияда үлкен заттардың майда заттарға бөлінетіні бар. Ол ыдырау реакциясы деп аталады. Химия мен анимені осылай қатар алып, түсіндіруге болады.

Химиялық заңдылықтар балалардың қабылдауына оңай болу үшін Ұлан рэп жанрын да қолданады. Сөздерін де өзі жазады. Рэппен түсіндірілген алғашқы бейнесабағын 1 миллион адам тамашалаған. «Жаңа әдіс арқылы химияға бет бұрған оқушыларымның қатары артты», - дейді ол.

Ұлан Үсенов, химия пәнінің мұғалімі:

- Әлеуметтік желідегі көрермендердің 99%-і жақсы пікір білдірді. Балалар химияны енді түсінгендерін жазып жатты. Әрине, химияны толықтай видеомен түсіндіруге тырыспаймын. Бұл болашақтың еншісінде.

Ұланның қазір химия пәнін түсіндіретін 30-ға жуық бейнеролигі бар. Әлеуметтік желіні жеңіл дүние деп қарайтындар бар. «Шын мәнінде, бір бейнероликті түсіріп, оны монтаждауға 4 сағат уақыт кетеді», - дейді жаңашыл ұстаз.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Мұхит Құдықбаев