Жаңақорған ауданындағы екі мектеп құрылысы баяу жүріп жатыр

Қызылорда облысындағы жаңадан салынып жатқан бірқатар әлеуметтік нысандарда құрылысшы жетіспейді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мәселен Жаңақорған ауданындағы 300 орындық мектеп құрылысы 2019 жылдың қыркүйек айында басталған. Алайда жұмыс қарқыны баяу. Аудан орталығындағы 600 орындық мектепті салу барысында да осындай мәселе туындаған. Айтулы құрылыстар мерзімінде аяқтала ма?

Жаңақорған ауданының орталығының аумағы ұлғайып, жаңа мөлтек аудандар бой көтерді. Осыған орай мектеп тапшылығы да орын алған. Мына 300 орындық мектеп айтулы мәселені шешуі тиіс. Бірақ пандемиямен қабаттасқан құрылыс өткен жылы 2 айға дейін тоқтап қалған.

Абсаттар Жұманов, техникалық қадағалаушы:

- Осы уақытта 60 адам жұмыс істеу керек болса, 30-ақ адам жұмыс істеп жатыр. Тағы 30 адам жетіспей тұр. Тас қалаушылар, шатырын жабатын ұсталар жетіспей тұр қазір.

Ал кенттегі апатты мектептің орнына салынып жатқан 600 орындық білім ошағының құрылысы кестеге сай жүруде. Дегенмен, мұнда да бірқатар қиындықтар орын алған.

Бағжан Аманов, құрылыс учаскесінің бастығы:

- Қазіргі таңда 55 адам жұмыс істеп жатыр. Қалаушылар, бетон құюшылар мәселесі сәл қиындау, бұл бізде ғана емес, барлық жерде. Ал әрлеу жұмысына келгенде ол кезде адамдар өте көп болады.

Мәселенің мәнісін мамандардан сұрадық. Олар бұл мектептердің сметалық құжаты осыдан 3-4 жыл бұрын жасалғанын айтады. Ал қазір құрылысшылардың жалақысы мен құрылыс материалының бағасы айтарлықтай өскен. Сондықтан азғантай төлемге жұмыс істеуге кірпіш қалаушылар келіспей отыр екен.

Қуаныш Сейтханов, облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының бас маманы:

- Қалай да мердігер осы келісімшарт төңірегіндегі ақшаны ғана алады? Тиісті қосымша ақшалар бөлінбейді. Осы қаражатпен толық құрылыс жұмыстарын аяқтап, қыркүйек айында пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Қазіргі таңда мердігер толық өз мойнына бүкіл жұмыстарды алды. Ешқандай кедергі болмайды. Осы қаралған қаржымен құрылыс жұмыстары толық аяқталады деп сеніп отырмыз.

Жауапты мамандар екі мектептің де құрылысы биыл жыл соңына дейін аяқталады деп отыр. Оны уақыт көрсетеді. Бір анығы, Жаңақорғандағы мыңнан астам оқушы жаңа оқу жылында осы жаңа мектепте білім алуды армандап жүр.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Қанат Еңсебаев, Айтмұхаммед Байділдаев