Өзбекстанда қазақ этномәдени орталығының демеушілігімен алғашқы STEM-мектеп ашылды

Білім ұясының құрылысына демеушілік еткен көрші елдің белгілі меценаты мен қазақ этномәдени орталығы екен, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жаңадан бой көтерген мектепте 150 бала қазақ тілінде білім алады.

Бұл Төменгі Шыршық ауданында 1968 жылы іргесі қаланған мектеп. Келмеске кеткен кеңес дәуірінен бері тұрған білім ұясының қабырғасы сөгіліп, шетінен қирай бастаған. Апатты жағдайда тұрған ғимаратта оқу балалар үшін аса қауіпті болған дейді мұғалімдер.

Айгүл Тұралова, №45 орта мектебінің мұғалімі:

– Ескі мектебіміз енді ондай деп айта алмаймын. Бірақ қазіргі заманауи талаптарға сай емес еді. Зертханалар бар, бірақ үлкен мүмкіншіліктер болмады. Мұндай жағдайлар, Мұндай жарық сыныптар жоқ еді.

Түйткілді мәселенің түйінін тарқатуға Өзбекстанның танымал меценаты мен жергілікті жердегі қазақ этномәдени бірлестігі атсалысқан. Демеушілер тарапынан тиісті қаражат бөлініп, жаңа мектеп салынды. Айта кету керек, бұл Өзбекстандағы алғашқы STEM, яғни жаратылыстану, технология, математика сынды бағыттарды біріктіріп оқытатын алғашқы мектеп. Білім ұясының ашылу салтанатына орай Қазақстанның Өзбекстандағы елшілігі тарапынан қазақтың ұлы ақыны Абайдың қара сөздер жинағы сыйға тартылды.

Елмұрат Миралиев, №45 орта мектебінің директоры:

– Бұл жерде бізде үш тілде сабақтар өтіледі. Қазақ, өзбек және орыс тіліндегі сыныптарымыз бар. 600-ге жуық оқушымыз оқиды. Соларға бүгінгі күнде 50-ге жуық педагогтар тәлім береді.

Жаңадан бой көтерген білім ұясы 600 орынға шақталған. Мектептегі 150 бала қазақ тілінде оқиды. Солардың бірі – Нағима Мейірбекова. 7-сынып оқушысы жаңа білім ұясында тәлім алу мәртебе дейді.

Нағима Мейірбекова, №45 орта мектебінің оқушысы:

– Мен қазақ тілінде білім аламын. Осы оқулықтардың барлығы жеткілікті. Қазіргі мектебіміз өте заманауи, барлық жағдай жасалған. Осы мектепте оқу біз үшін мәртебе.

Жалпы қазір Төменгі Шыршық ауданында 52 мектеп жұмыс істейді. Соның 18-нде қазақ сыныптары бар екен.

Риат Шони, Санжар Шатуляганов