Еліміздің төрт өңірінде мұғалімдердің жалақысы өседі

Мұғалім тапшылығы бар өңірлерге баратын ұстаздардың жалақысы екі есе өседі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл туралы бүгіне Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлімдеді. Оның айтуынша, республикалық бюджеттен қомақты қаражат бөлінеді. Сонымен қатар мұғалімдер барған жерінде баспанамен қамтамасыз етіледі. Коммуналдық шығындар да өтеледі. Қазір Атырау, Маңғыстау, Түркістан мен Алматы облыстарында мұғалім жетіспейді. Аймағамбетов қазір сабақ беретін білікті маман даярлауға басымдық берілгенін ерекше атап өтті. Президент 2025 жылға дейін елде бір мың мектеп ашуды тапсырған болатын.

Асхат Аймағамбетов, ҚР білім және ғылым министрі:

- Көбісі бір мың мектепті қалай саламыз деп уайымдайды. Мен ол мәселені де уайымдаймын. Бірақ осы мектептерде білім беретін мамандарды қалай даярлаймыз деп ойлаймын. Өйткені осы мектептерде жұмыс істеу үшін 100 мыңнан астам маман қажет болады.

ЖАЗҒЫ МЕКТЕПТЕР АШЫЛАДЫ

Ал қаңтардағы оқиғаға байланысты III тоқсанда сабақ толыққанды өтпеді. Сондықтан маусым айында жазғы мектептер ашылады. Асхат Аймағамбетов министрлік оқу жылын ұзарту мәселесін де терең зерттеп жатқанын хабарлады.

Асхат Аймағамбетов, ҚР білім және ғылым министрі:

- Негізінен біз балаларды, мұғалімдерді сұраймыз. Біздің оқушылардың жазғы мектепке барғаны қажет. Қатысу керек деп санаймыз. Онлайн сабақтарды дәстүрлі оқытумен салыстыру мүмкін емес. Балалардың арасында әртүрлі алшақтық болмас үшін керек.