Елімізде ІТ идеяларды қолдайтын инвестор табу қиын

Себебі бұл салаға қалай қаржы құю қажеттігін түсінбейтіндер көп. Стартаптар мен инвесторларға арналған платформалардың негізін қалаушылар осылай дейді. Мамандар  қазір стартаптарға блокчейн технологиясымен криптовалюта арқылы инвестиция тартуға болатынын айтады. Сондықтан отандастарымыз ІТ, электронды коммерция сияқты  жаңа технологиялар саласында білімін дамыту қажет. Осыған орай, елордада тың технология индустриясымен таныстыратын форум өтіп жатыр. Онда сала мамандары блокчейн технологиясының қыр-сырымен бөліседі. Әрі отандық стартап жоба әзірлеушілер венчурлық инвестораларға өз жұмыстарын таныстыратын болады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ерлан Думанұлы,  Халықаралық инвесторлар мен стартаптарға арналған платформалардың негізін қалаушы:

Біздің қазақ халқын осы инвестициялармен жұмыс жасауды үйрету – біздің мақсатымыз. Өйткені бізде 20 жылға ипотеканы алуға халықтың санасы жетеді де, ал 5 жылға, 10 жылға қандай да бір қызықты идеяларға инвестиция жасау қорқынышты, түсініксіз. Ондай болса, біздің экономика ешқашан дамымайды. Біздің мақсатымыз – халыққа білім беру, шетелдік тәжірибемен бөлісу.