Тараз өңірлік университетінде 4,5 мыңнан астам студент жас маман атанды

Биыл Мұхаммед Хайдар Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде 4,5 мыңнан астам студент жас маман атанды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жоғарғы оқу орнын үздік бітіргендерге диплом салтанатты түрде тапсырылды. Шараға облыс басшылығы мен ғалымдар қатысып түлектерге сәт сапар тіледі.

Салтанатты диплом тапсыру рәсімі Білім алаңында өтті. Кешегі жасөспірімдер мантия киіп жас маман атанса, өзгелері магистр болып шықты. Оларды құттықтауға облыс әкімі арнайы келіп үздік бітірушілерге дипломдарын табыс етті.

Жансая Айдархан, М.Х Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің түлегі:

- Өте қуаныштымын. Қызылға бітіріп отырмын. Оны мен мектепкезден армандап келе жатырмын. Арманым орындалды. Өте қатты толқып тұрмын.

Көркем Қанат, педагогика ғылымдарының магистрі:

- Ең жоғарғы «джипией» бағамен бітіріп жатырмын. Бұл біздер магистрлер үшін бір мезгілде жауапкершілік межесі деп айтамыз. Бізде қимастық та, қуаныш сезімі де бойымызды билеп тұр. Және өзіміздің кәсібилігімізді алдағы уақытта жұмыс барысында дәлелдейміз деген ниеттеміз.

Жалпы, Жамбыл облысында биылғы оқу жылын 77 500-ден астам студент сәтті аяқтады. Оның 4 572-сі Мұхаммед Хайдар Дулати атындағы Тараз өңірлік университетін тәмамдады. Өткен оқу жылында аталған жоғарғы оқу орнын бітірген түлектердің 77 проценті жұмыспен қамтылған.

Нұржан Нұржігітов, облыс әкімі:

- Әлемдік өркениетке білім сапасын жақсарту мен білікті кадрларды даярлау арқылы енуді көздеп отырмыз. Ол үшін өз мамандығын жоғары деңгейде меңгерген әр білікті маманның алар орны ерекше. Жылдар бойы алған білімдеріңді адал еңбекпен байланыстырып табысқа жете алатындарыңа сенемін. Еліміздің ертеңгі болашағы сіздердің қолдарыңызда. Жолдарыңыз ашық, қадамдарыңыз сәтті болсын!

Айта кету керек, биыл Дулати университетін 20 магистр және 265 түлек үздік дипломға бітірді. Олардың атақты академиктер, белгілі профессорлар мен танымал тұлғалар құттықтап сәт сапар тіледі. Кеш соңы концерттік бағдармаламамен жалғасты.

Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейілхан