Оралда УФА мемлекеттік мұнай техникалық университетінің өкілдігі ашылды

Оралдағы аграрлық-техникалық университетінің базасында Уфа мемлекеттік мұнай техникалық университетінің өкілдігі ашылды. Мұндағы мақсат – екіжақты тиімді іскерлік байланыстарды дамыта отырып, халықаралық ғылыми-білім беру кеңістігін құру, деп хабарлайды «Хабар 24».

Айта кету керек, шетелдердің үздік оқу орындарымен байланысты нығайту Президент жүктеген міндеттердің бірі екені мәлім. Халықаралық ынтымақтастық шеңберінде батысқазақстандық университетте және өңіріміздегі мұнай компанияларының базасында, сондай-ақ Уфа университетінің оқу-ғылыми-өндірістік полигоны базасында өндірістік практикалар ұйымдастыру жоспарланып отыр. Сонымен қатар оралдық университетте білім алушыларды Уфа университетінің жазғы мектебі базасында оқыту көзделген.

Олег Баулин Уфа мемлекеттік мұнай техникалық университетінің ректоры:

– Біз бұрын студенттердің батысқазақстандық аграрлық техникалық универсиетте алған білімін кеңейтумен ғана шектелдік. Яғни олардың мұнайгаз секторында біліктілігін көтеру арқылы еңбек нарығында сұранысқа ие болуына ықпал еттік. Енді арнайы өкілдік ашу арқылы бұл салада екіжақты тиімді әріптестік байланыстар нығая түседі деген сенімдеміз.

Сәрсенбек Монтаев, техника ғылымдарының докторы, профессор:

– Бұл өкілдіктің негізгі мақсаты осы біздің өңірдегі біздің университетте білім алып жатқан магистранттар, студенттер, докторнаттар болсын сол екі университеттің материалдық базасында, оқу процесі, ғылым процестерінде болсын бірге жұмыс жасап екі дипломдық жоба бойынша білім алатын болады. Негізгі күтілетін нәтиже сол алған білімінен біздің студент, магистрант, докторнаттарымыз өзінің жұмысқа орналасу деңгейін жоғарылатады немесе бәсекеге қабылеттігін бірнеше есе артыра алады деп есептейміз.