Павлодар облысында 40 жылғы мектеп жөндеуден өтті

Май ауданының Ақшиман ауылында 40 жыл жөндеу көрмеген мектеп қалпына келтірілді.

Тозығы жеткен ғимаратта қыста оқу мүмкін емес еді. Кейде сабақ болмай қалатын. Мәселе биыл шешілді. Жөндеу жұмыстарына 90 млн теңге бөлініп, білім беру мекемесі өзгеріп шыға келді. Жылу және жарық жүйелері ретке келтіріліп, ғимараттың есік-терезелері ауыстырылды. Сонымен қатар мектеп жанынан шағын орталық ашылды. Қазір 22 бала орталыққа келіп жүр. Ақшиман – Павлодар облысындағы шалғай жатқан ауылдардың бірі. Бұл елді мекенде кейінгі жылдары әлеуметтік нысандар жөндеуден өтіп, мал шаруашылығы дамып келеді.

Салтанат Егінбаева, Ақшиман негізгі мектебінің директоры:

– Мектеп 1981 жылы салынды ғой. Осы күнге дейін бізде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Осы жылы ғана әнектеріміз, бәрі ауысып, фасадымыз бәрі ауысып, спорт зал, акт залы, барлығы күрделі жөндеу жұмыстарынан өтті. Балалар саны ақырын ақырын өсіп келеді. мектебімізде бала саны 22-ге дейін түскен. Қазір 50 оқушымыз бар.