Алматы облысында тауда қар көшуі мүмкін

Алматы облысының тау шатқалдарында қар көшкіні жүруі мүмкін. Мамандардың мәліметінше қазір Іле Алатауында ақ ұлпаның қалыңдығы 65, ал Жетісу Алатауында 78 сантиметрге дейін жеткен.

Қалыптасқан жағдайды саралау мақсатында Төтенше жағдайлар департаменті мен «Қазселденқорғау» мекемесінің өкілдері әуеден барлау жұмыстарын жүргізіп қайтты. Өңірде 100 шақты қауіпті аймақ бар екені анықталды. Бірақ олардан елді мекендерге төнетін қатер жоқ. Дегенмен, сала мамандары тұрғындарға тауға шықпауға кеңес беріп отыр. Әсіресе шаңғы, сноуборд тебуді жақсы көретіндерге сақ болуды ескертеді.

Игорь Жуков, облыстық ТЖД бастығының орынбасары:

- Алматы облысындағы қауіпті аймақтар Еңбекшіқазақ, Талғар, Сарқан аудандары мен Текелі қаласының аумағында орналасқан. Қар көшкіні сол жерде тұратын және жұмыс істейтін 153 адамға қауіп төндіріп тұр. Оларға ескерту берілді. Өңірдегі жағдайды тәулік бойы жұмыс істейтін 31 бекеттің мамандары бақылауда ұстап отыр.