«Қазгидромет» еліміздің 11 облысында ауа райына байланысты ескерту жариялады

Синоптиктер 3 қаңтар күні бірнеше аймақтағы күн райының қандай болатынын болжады, деп хабарлайды Хабар 24.

3 қаңтарда Маңғыстау облысының басым бөлігінде  қар жауады. Түнде облыстың батысында, солтүстік-шығысында, күндіз облыстың басым бөлігінде көктайғақ болады. Түнде және таңертең облыстың солтүстік-батысында және орталығында тұман түседі. Солтүстік-батыстан жел соғады, күндіз облыстың батысында, солтүстігінде желдің жылдамдығы секундына 15-20 м/с-қа жетеді.

Ақтауда 3 қаңтарда көктайғақ болады. Солтүстік-батыстан жел соғып, күндіз екпіні 15-18 м/с-қа жетеді.

Күндіз 3 қаңтарда Ақмола облысының батысында, оңтүстігінде, тұман түсіп, көктайғақ болады. Оңтүстіктен, оңтүстік-батыстан жел соғады, облыстың солтүстігінде екпіні 15-20 м/с болады.

Бұл күні Қызылорда облысының солтүстігінде көктайғақ болып, орталығында тұман түседі.

Атырау облысының батысында, солтүстігінде жаяу бұрқасын соғып, көктайғақ болады, оңтүстігінде тұман түседі. Жел оңтүстіктен солтүстік-батысқа ауысады, облыстың батысында, солтүстігінде екпіні 15-20 м/с болады.

Қостанай облысының батысында, солтүстігінде жаяу бұрқасын соғады. Күндіз облыстың оңтүстігінде тұман түсіп, көктайғақ болады. Оңтүстік-батыстан, оңтүстіктен жел соғады, жылдамдығы облыстың батысында, солтүстігінде 15-20 м/с-қа жетеді. Қостанайда таңертең және күндіз жаяу бұрқасын соғады. Оңтүстік-батыстан, оңтүстіктен жел соғады екпіні 15-20 м/с.

Түнде Ақтөбе облысының батысында, солтүстік-батысында жаяу бұрқасын болады.

3-5 қаңтар күндері Жамбыл облысының солтүстігінде, таулы және тау бөктерлі аудандарында тұман түсіп, көктайғақ болады. Оңтүстік-батыстан соғатын жел оңтүстік-шығыс желіне ауысады, облыстың оңтүстік-батысында және таулы аудандарында жылдамдығы 15-20 м/с-ке жетеді. Таразда 3-5 қаңтарда тұман түсіп, 5 қаңтарда көктайғақ болады.

Түркістан облысының солтүстігінде тұман күтіледі.

Осы күні түнде Батыс Қазақстан облысының шығысында, оңтүстік-шығысында көктайғақ болып, жаяу бұрқасын соғады. Жел батыстан, солтүстік-батыстан соғады, облыстың солтүстігінде, солтүстік-шығысында екпіні 15-20 м/с. Оралда 3 қаңтарда жел батыстан, солтүстік-батыстан соғады, түнде екпіні 15-20 м/с болады. Сондай-ақ бұл күні Қарағанды облысының оңтүстігінде тұман түсіп, көктайғақ болады. Жезқазғанда да осындай ауа райы.

Солтүстік Қазақстан облысының басым бөлігінде жауын-шашын болып, қалың қар түседі. Облыстың батысында, солтүстігінде жаяу бұрқасын соғып, тұман, көктайғақ болады. Оңтүстік-батыстан жел соғады, облыстың батысында желдің екпіні 15-20 м/с дейін күтіледі.