Тіс емдеу қымбаттай ма?

Зейнетақы жинақтарын баспана сатып алуға пайдалану жылжымайтын мүлік бағасының өсуіне себеп болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тұрғын үйлер 20 процентке қымбаттады. Ал кейбір өңірлердегі баспана бағасы 30 процентке өсті. Біржолғы зейнетақы төлемдерін кейбір ауруларды емдеуге, соның ішінде тісті протездеу мен имплантациялауға жұмсауға болады. Стоматологиялық қызметтің бұл екі түрі қымбаттай ма?

Қазақстандық экономист Сапарбай Жобаевтың пікірінше, стоматологиялық қызметтерге бағаны көтеруге негіз жоқ. Жалпы тісті протездеу мен имплантациялау қымбат қызмет түрлері болып саналады. Қазір тіс емдеудің бұл тәсілдерін зейнетақы жинақтары есебінен жасауға болады. Бірақ аталмыш қызметтер қарапайым халық үшін қанша қымбат болғанымен, стоматологтардың өздері үшін тиімді. Осындай ем түрлері стоматологиялық клиникаларға жақсы табыс әкеледі. Яғни бұл қызметтердің әрқайсысынан түсетін таза пайда 15 процентті құрайды және стоматологтарға бұдан артық қосымша ақы алуға болмайды.

Кенжегүл Искендирова, «Қазақстан стоматологиялық қауымдастығы» ҚБ президенті:

– Зейнетақы жинақтарының бір бөлігін емделуге пайдалану халыққа денсаулығын жақсарту үшін берілген жақсы мүмкіндік деп ойлаймыз. Бұл өзгерістерге байланысты стоматологиялық қызметтердің бағасы өспейді. Дегенмен бүгінгі таңда тіс емханаларында пайдаланылатын метериалдар қымбаттап жатыр. Бұған қарамастан, стоматология саласындағы кәсіпкерлер халық алдындағы әлеуметтік жауапкершілікті сезінеді және тіс емдеу бағасын бір деңгейде ұстап тұруға тырысады.

Қазақстандықтар зейнетақы жинақтарындағы 4 млрд теңгені емделуге алған

Қазақстандықтар зейнетақы жинағындағы  төрт миллиард теңгеге жуық ақшаны емделуге жұмсау үшін алған. Орта есеппен әрбір өтініш берушінің шотына миллион теңгеге жуық қаражат аударылды. Медициналық ем алу мақсатына төрт мыңға жуық өтінім мақұлданды.

Өскеменде бір тіс имплантаты 150 мың теңге тұрады. Ақтау тіс емханаларында да осындай баға тіркелген. Көкшетауда тіс емдеу құны бұдан да қымбат. Бір жасанды тістің құны 160 мың теңге. Ақтөбеде медициналық тауардың бағасы осындай. Ал Шымкентте бір тіс имплантаты 170 мың теңге тұрады. Нұр-Сұлтан тіс емханаларында баға тіптем жоғары. Бір импланттың бағасы 200 мың теңге төңірегінде. Ал Алматы тіс емханаларында 220 мың теңгеге жасанды тіс салдыруға болады. Сала мамандарының айтуынша, қолданылатын материалдардың қымбаттауы, тіс емдеудің құнына әсер еткен.

Біз қазақстандық шипажайларға жолдамалардың ең арзан дегендерін іріктеп алдық. Бағаларды салыстырғанда біздің республикамыздың ең танымал курорттық аймақтарына шолу жасалды. Сонымен, Сарыағаш шипажайында демалумен қоса емделуге болады. Бір адамға арналған сертификаттың орташа құны 74 мың теңгені құрайды. Оған екі орындық «жартылай люкс» нөмірінде бір апта тұру, 4-реттік тамақтану және емдік процедуралар кіреді. Түркістан облысының шипажайында 83 мың теңгеге демалуға болады. Бұл сомаға екі орындық «жартылай люкс» нөмірінде бір апта тұру, күніне бес рет тамақтану, бассейнге бару және негізгі емдік процедуралар ұсынылады. Осындай қызметтер Өскемен және Алматы санаторийлерінде де бар.

20 жылда баспана бағасы қалай өзгерді?

Соңғы 20 жылда Қазақстанда жаңа үйлердегі баспананың бір шаршы метрі шамамен 15 есе өскен. 2000 жылы жаңа құрылыстағы тұрғын үйдің шаршы метрі 21 мың теңге болса, қазір олар орта есеппен 320 мың теңге. Ал ескі үйлердің құны тіпті шарықтап кеткен. Мысалы, 20 жыл бұрын қайталама нарықтағы пәтерлердің бір шаршы метрі 8 мың теңге тұрған. Бүгінде бұл сома 30 есе өсіп, ескі үйлердегі баспананың шаршы метрі 240 мың теңгеге дейін жетті. Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институты еліміздің тұрғын үй нарығына зерттеу жүргізіп, осындай деректер келтірді. Баспана бағасы 2014, 2015 және 2019 жылдары күрт қымбаттап кеткен. 

Отандық қаржы нарығындағы сауда-саттық нәтижесі бойынша доллар 433 теңге 58 тиын, еуро 515 теңге 14 тиын, рубль 5 теңге 60 тиын.