Қазақстанның сыртқы қарызы өсіп жатыр

Соңғы бір жылда көрсеткіш 4 процентке артқан.

Бұл жөнінде Ұлттық банкке сілтеме жасап LS порталы хабарлайды. Ондағы мәліметке сәйкес, 2021 жылдың 1 қаңтарында сыртқы қарыз көлемі 163,3 млрд долларды құраған. Бұл өткен жылдың дәл осы уақытымен салыстырғанда 6,5 млрд долларға көп. Қазақстан әсіресе, Нидерланд мен Ұлыбританияға кәдімгідей қарызға батты. Көрсеткіш сәйкесінше, 44 және 23 миллиард долларға жеткен. Одан кейінгі сатыда АҚШ тұр. Америкаға берешегіміз 13 млдр долларға жуық. Әрмен қарай Франция, Жапония, Гонконг деп кете береді. Қазақстан Қытайға бүгінгі таңда 10 млрд доллардан аса қаржы қайтаруы қажет. Ал Ресейге 9,2 млрд доллар берешекпіз және көрші елге қатысты көрсеткіш соңғы жылда 1 процентке артқан. Ал тізімнің ең төменгі сатыларына Бразилия, Гренландия, Исландия, Конго, Сирия, Черногория және Ямайка сияқты елдер орналасты. Бұндағы қарыз көлемі шамамен 100 мың долларды құрайды.

Сыртқы қарыз қайда жұмсалып жатыр?

Ал енді осынша қыруар қаржы қайда жұмсалып жатыр? Порталдағы әріптестеріміз мемлекеттік секторға алынған қарызды сараптап көрді. Белгілісі, оның жалпы көлемі 35,6 млрд долларды құрайды. Басым бөлігі мемлекеттік басқару мен қорғаныс саласына тиесілі. Қарыздың жалпы көлемі 13,8 млрд долларды құрайды. Ал кәсіптік, техникалық және ғылыми салалардың сырты елдерге берешегі 9 млрд долларға жеткен. Одан кейін қаржы және сақтандыру салалары тұр. Ал көлік және қоймалау бағыттарының қарызы 3,1 млрд, өңдеу өнеркәсібінікі 2,1 млрд, құрылыстікі 1,5 млрд доллар. Ал ең төменгі көрсеткішке тау-кен өнеркәсібі, ақпарат және байланыс, бұған қоса білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет салалары ие. Мәселен, соңғысына тиесілі қарыз көлемі 2 млн долларды құрайды.

Қант импортына квота енгізілуі мүмкін

ЕАЭО елдері 1 млн тонна қантты бажсыз кіргізуге рұқсат сұрап отыр. Бұл мәселе сәуірдің басында Еуразиялық экономикалық комиссияның отырысында қаралған. Бірақ одан нәтиже шықпады. Енді сәуірдің 22-сі мен 23-інде комиссия тағы осы мәселені талқыламақшы, деп жазады inbusiness.kz. Тұтынатын қанттың басым бөлігін Ресейден алып отырған Қазақстан үшін бұл өте маңызды. 2019 жылы Қазақстанда 400 мың тонна қант өндірілген. Бұл ішкі сұраныстың 45%-ы болатын. Ал 2020 жылдың қаңтарында одаққа сырттан кіретін қанттың тоннасына 240 доллар баж енгізілді. Салдарынан Бразилиядан келетін қант құрағының тасымалы сап тыйылды. Оның орнын Ресей мен Беларусь өнімдері жауып жатыр. Дұрысы, осылай жасауға мәжбүрміз. Салдарынан қант импортына жұмасалатын шығын 1,8 есе өсті. Оның  14,4 млн доллары Беларусьқа, ал, 55,9 млн доллары Ресейге кеткен.

Білім беру несиелері

Бүгінге дейін білім беру несиелерін 3 мыңнан аса студент пайдаланды. Ал оған жұмсалған қаржының жалпы көлемі 2 млрд теңгеге жуық. «Қаржы орталығы» соңғы 6 жылдың көрсеткішін саралап, осындай қорытынды шығарды. Ұйымның мәліметіне сәйкес, бұл несиені қазақстандық студенттер қолдана алады. Ол кепілдікті қажет етпейді. Яғни, қаржы орталығының өзі кепіл болады. Ал қарызды өтеу мерзімі оқуды бітірген соң 6 айдан кейін басталады. Оның жылдық сыйақы мөлшерлемесі – 20%. Айта кету керек, несиені бір ғана банкте рәсімдеуге болады. Бірақ Қазақстандағы барлық университтегі оқу ақысына жұмсауға мүмкіндік бар. Ол үшін қаржы орталығының мақұлдамасы қажет. Одан кейін тиісті келісім жасалып, ақша оқу ордасының есепшотына аударылады.

Білім беру несиесін 3 мыңнан аса адам қолданса, білім беру депозитіндегі белсенділік одан 10 есе жоғары. Яғни «Ақыл» деп аталатын депозитке бүгінге дейін 30 мыңға жуық адам ақша салған. Ал есептотта жатқан қаржының жалпы көлемі 20 миллиард теңгеден асады. Бұл ақшаны кейін салымшылар өзінің не балаларының білім алуына жұмсайды. Жиналған қаржы көлеміне байланысты еліміздегі не шетелдегі жоғары оқу орындарын таңдауға мүмкіндік бар. Бұл депозитті 4 банктен ашуға болады. Ал оның ерекшелігі банктің сыйақысынан бөлек мемлекеттік премия жүреді. Оның көлемі – 5-7 процент. Дәл осылай 2015-2020 жылдары 3 миллиард теңгеден аса қаржы аударылған. Айтпақшы, білім беру депозиті сақтандырылған. Яғни банк банкрот болған жағдайда Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры 10 миллион теңгеге дейінгі ақшаны кері қайтарады. Салымшылардың жасына шектеу қоймайды және ол салатын ақша көлемін өзі анықтайды. Егер депозит иесі не оның баласы грантқа түскен жағдайда ол қаржысын одан әрі толтыра алады немесе ақшаны барлық сыйақысымен бірге шешіп алуына қақы бар.

Сөз соңында валюта бағамына тоқталайық. Отандық қаржы нарығындағы сауда-саттық нәтижесі бойынша доллар 430 теңге 69 тиын, еуро 518 теңге 42 тиын, рубль 5 теңге 66 тиын.