Алтын арзандауы мүмкін

Биыл 30 мың қазақстандық кәсіпкерлік негізін меңгереді. Кейін бизнес бастау үшін оларға бес жылға дейін тиімді несие беріледі. Бұл мақсатта арнайы микроқаржылық ұйым құрылды, деп хабарлайды «Хабар 24». Тақырыпты экономика жаңалықтарының шолушысы Мерей Мұратханқызы сабақтайды.

АЛТЫН АРЗАНДАУЫ МҮМКІН

Сарапшылардың енді бірі алтын инвесторларын сақ болуға шақырады. Өйткені әлемдегі бағалы металл құны құлдырауы мүмкін. Global Wealth Management өкілдері жыл басында алтынның бір унциясы 1900 доллар болса, қазір 1770 долларға түскенін айтады. Алдағы уақытта баға 1600 долларға дейін төмендеуі ықтимал. Сарапшылар тәуекелдің алдын алуға әрекет жасау керек дейді. Тіпті алтын активтерінен бас тартып, нарықтан кетуге үндеп жатқандар бар. Ал Goldman Sachs жыл аяғына қарай алтын унциясы 2 мың долларға сатылуы мүмкін деп отыр. Бұл, әрине, болжамдар. Осы аптада федералды резервтік жүйе отырысы өтеді. Яғни инвесторлар мәселені жан-жақты саралап көреді. Әзірге ең тиімді бағалы металл ретінде платина бағаланып отыр.

 

БИЗНЕС НЕГІЗДЕРІН ОҚЫП, КӘСІП БАСТАҢЫЗ

Елімізде «Бастау бизнес» жобасының түлектеріне несие беретін микроқаржылық ұйым құрылды. Қаражат жобаның жаңа және бұрынғы қатысушылары үшін қолжетімді. 2016-2020 жылдары 151 мың адам «Бизнес бастау» арқылы кәсіпкерлік негізін үйренген. Оларың 40 мыңы бір-бір кәсіп иесі атанып отыр. Қарыз сомасы ауылдық жерлерде 7 млн теңгеге дейін, ал қалада 18 млн теңгеге дейін қарастырылған. Шымкент, Ақтау және Атырау өңірлерінде 23 млн теңгеге дейін несие алуға болады. Қарыз 5 жылға, ауыл шаруашылығын өркендетіп жүргендерге 7-8 жылға 6 проценттік мөлшерлемемен есептеледі. Мал өнімдерін дамытатын шаруа қожалықтарына бір жылдық жеңілдік бар. Бұл жағдайда кепілзат зат ретінде кез келген мүлікті ұсынуға болады.

Нариман Әбілшайықов, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының бірінші орынбасары:

– «Бастау бизнесті» және мына микроқаржылық ұйымды аламын деген адамға мынадай топтар жатады: көп балалы отбасылар, аз қамтылған отбасылар, еңбекке қабілетті мүгедектер және қандастар. Оқыту микрокредит берумен байланысты жүргізілетін болады және тұтас экожүйе құрастырылып жатыр. Бұл дегеніміз осы «Бастау бизнесті» оқып тәмамдаған біздің түлектеріміз біз құрастырған микроқаржылық ұйымнан несие алып, оны келешекте біз сүйемелдейтін боламыз.

 

TABYS ҚОСЫМШАСЫ ЖЕМІСІН БЕРІП ЖАТЫР

10 мың қазақстандық қор нарығына арналған арнайы қосымшаны жүктеп алған. Осы айда «Табыс» сервисі арқылы отандастарымыз Apple, Microsoft, Google, Amazon, Tesla сынды алып компаниялардың инвестициялық портфеліне 2 млн доллардан астам қаржы құйды. Тіпті мұнай мен алтын құнды қағаздарын сатып алған екен. Бұл қосымшаны былтыр «Астана» халықаралық қаржы орталығы құрған. Қор нарығына енді келіп жатқандарға тәуекелсіз инвестиция жасауға көмектесу үшін. 6 доллар салған жанға есепшот автоматты түрде ашылады. Инвестициядан кіріс құнды қағаздардың қымбаттауы және дивиденттер арқылы түседі. Табыс инвестордың банктағы шотына аударылады.

Осы ретте елдегі сақтандыру қызметі жайлы айта кетейін. Жыл басынан бері сақтандыру сыйақы мөлшері 56 процентке, яғни  428,6 млрд теңгеге артқан екен.

Александр Репников, қаржылық кеңесші:

– «Табыс» қосымшасы арқылы құнды қағаздарды сатып алуға болады. Олар арқылы жаһандық ауқымдағы портфельдерді сатып алуға болады. Бірақ комиссия мен салық алымдары қарастырылмаған.

 

БИТКОИН ҚҰНЫ ҚАЛАЙ ҚҰБЫЛАДЫ? 

Келесі жылы биткоин құны 100 мың доллардан асады. Криптобиржа жөніндегі сарапшылар осылай дейді. Бір айда ғана биткоин 60 процентке қымбаттаған. Мамандар баға әлі де шарықтайтынын болжап отыр. Өткен демалыста 1 криптовалюта 48 мың долларға сатылса, қазіргі баға 47 мың доллардан асады. Ал жалпы капитал мамырдан бері алғаш рет 2 трлн доллардан артты. Сарапшы Сергей Жданов биткоинның 30 мың долларлық бағамға енді оралмайтынын, тіпті күзге қарай 50 мың долларға жететінін болжайды. Жыл соңына дейін баға тарихи мөлшерден асатын болса, келесі жылы криптовалюта 100 мың долларға жетуі мүмкін дейді. Осылайша ол биткоинды тиімді инвестиция деп отыр.