Теңге бағамына сыртқы факторлар соққы болды

Әлемде мұнай арзандап жатыр. Ал доллар, керісінше, нығая түсуде. Бұл Қазақстанның ұлттық валютасына қалай әсер етеді? Теңге бағамы не болмақ? 

Brent маркалы мұнай алтыншы күн қатарынан арзандап барады, деп хабарлайды «Хабар 24». Қазір қара алтын баррелі 66 доллар төңірегінде сатылып жатыр. Бұл аптаның басында тіркелген бағадан 7 процентке аз. Жалпы, қара алтын құны 2020 жылдың желтоқсанынан бері ұзақ мерзімде төмендеп келеді. Tengenomika сарапшыларының хабарлауынша, Қытайдың ірі қалаларында «дельта» штамы анықталып, карантин күшейтілгеннен кейін мұнай бағасы арзандай бастады. Сондай-ақ АҚШ-тағы шикі мұнай мен жанармай қоры бойынша статистиканың өсуі де мұнай котировкаларына ықпал етеді. Бұдан бөлек экономистер АҚШ долларының да жаһандық деңгейде қымбаттағанын айтып отыр. DXY индексінде ол 93,35 пунтке көтерілген. Доллардың нығаюы АҚШ Федералдық резервінің жыл соңына қарай экономиканы ынталандыратын бағдарламаларды тоқтатуы мүмкін екендігін білдіреді. 

Осы екі фактор, яғни мұнайдың арзандап, ал доллардың қымбаттауы дамушы нарықтардағы валюталардың әлсіреуіне әкелді. Әсіресе мұнай экпорттаушы елдердің ақшасы долларға шаққанда әлсіреді. Бұлар – ресейлік рубль, америкалық песо, канадалық доллар. Олардың қатарында біздің теңге де бар.

Жалпы, жоғарыда айтылғанның барлығы теңгеге ықпал ететін сыртқы факторлар. Соның салдарынан тіпті қазақстандық экспорттаушылардың тоқсандық салық төлемдері ұлттық валюта бағамына оң әсерін тигізе алмады. Экономистердің болжауынша, ендігі салықтық аптаның шарықтау шыңы 25 тамызға келіп тұр. Егер осы уақытқа дейін Қытайдағы карантин жеңілдесе, онда теңгенің нығаюы әбден мүмкін. 

 

ҰЛТТЫҚ ВАЛЮТАҒА ҚАТЫСТЫ САРАПШЫ БОЛЖАМЫ

Қазақстан мен Ресей ұлттық валюталарын нығайтып, экономикаға соққы болатын сыртқы факторлардың әсерін азайтуға өзара сауда саттық көмектеседі. Бұл туралы Еуразиялық даму банкінің мемлекеттік талдау орталығының басшысы Алексей Кузнецов мәлімдеді. Сарапшы жыл соңына дейін тауар айналымын 20 млрд доллардан астам сомаға жеткізу бойынша тараптардың болжамдары орынды деп есептейді. Банк Еуразиялық экономикалық одақ ішінде де сауданың рекордтық деңгейі тіркеледі деп күтуде. Жыл басынан бері көрсеткіштер шамамен 30%-ке өсті. Ал жыл аяғында сауда-саттық көлемі пандемияға дейінгі көрсеткіштерге жетуі мүмкін. Бірақ одақ елдерінің сыртқы сауда көлемі әлемдік нарықтың шамамен 2%-тін құрайды. Сондықтан банк өкілі осы бағытта атқарылатын жұмыс көп екенін атап өтті. Шілде айының қорытындысы бойынша Қазақстандағы инфляцияның өсуіне қарамастан, банк сарапшысы инфляция біртіндеп қысқарады деген болжам айтты. Ол бұны әлемдік нарықтағы шикізат құнының тұрақталуымен байланыстырады. 2021 жылдың қорытындысы бойынша инфляция 7% болады деп түйді сарапшы.

 

LADA САУДАСЫ БІР АЙДА 50%-КЕ АЗАЙҒАН

Қазақстандықтар көлік сатып алуды өз жинақтарын сақтаудың ең сенімді әдісі деп біледі. «Қазавтопром» басқарма төрағасының орынбасары Артур Мискарян осындай пікірде. Өткен айда ел тұрғындары 10 мыңнан астам көлік сатып алған. Бұл – жеңіл көліктер, жүк көліктері, автобустар және арнайы техниканы қосқанда шыққан сан.

Былтырғы жылдың шілде айымен салыстырғанда көрсеткіш 40%-ке өсіпті. Шілдеде Chevrolet, Hyundai, KIA және Toyota маркалы көліктер көп сатылған. Ал LADA-ның саудасы бір айда шамамен 50% қысқарған.

Жалпы, ресми дилерлер жыл басынан бері 67 мыңға жуық жаңа көлік сатты. Яғни өткен жылмен салыстырғанда өсім 53%. Дегенмен салада көлік тасымалындағы іркілістер, қымбатшылық пен тауар тапшылығы сынды проблемалар әлі де сақталып отыр.

 

TOYOTA ӨНДІРІС КӨЛЕМІН 40%-КЕ ҚЫСҚАРТАДЫ

Ал АвтоВАЗ көлік өндірісін бір аптаға тоқтатады. Бұған Bosch электронды компоненттерінің жеткізіліміндегі ақаулар себеп болды, деп хабарлайды РБК. 23 тамыздан бастап концерн барлық үш құрастыру желісінің жұмысын бір аптаға тоқтатады. «Компания маусым мен шілде айларында осындай проблемаға тап болды», – деп жазады агенттік. 

Ал қыркүйекте Toyota өндіріс көлемін 40%-ке қысқартуы мүмкін. Мамандар бұны көлік компоненттерінің жетіспеушілігімен байланыстырады. Атап айтқанда, микропроцессорлар мен жартылай өткізгіштер жетіспейді. Сонымен қатар Оңтүстік Азияда COVID-19-дың «дельта» түрі қарқынды таралуы да жағдайды ушықтырды. Өндірістің қысқаруы Toyota-ның барлық негізгі сауда нарықтарына әсер етеді. Соның ішінде Жапония, АҚШ, Еуропа, Қытай және басқа да Азия елдері бар.

Авторы: Ғазиза Мұхамеджанова