KASE-де американдық 12 компанияның акциясын теңгемен сатып алуға болады

Бүгіннен бастап Қазақстан қор биржасында АҚШ-тың 12 компаниясының акциясын теңгемен сатып алуға болады. Бұл туралы қордың баспасөз қызметі хабарлады. KASE-нің ресми тізімінде Bank of America Corporation, Apple Inc, Форд, Coca-Cola, Nike компанияларының жай акциялары бар. Өткен аптада ғана Қазақстанға келген Pfizer вакцинасын өндіруші компания акцияларын да енді КАSЕ-ден сатып алуға болады. Әлемге әйгілі кофеханалар желісі Starbucks корпорациясының жай акциялары, Тesla, Exxon Mobil, Microsoft корпорациясының жай акциялары да енді отандық биржа тізімінде. Құнды қағаздар бойынша сауда-саттық және есеп айырысулар орталық контрагенттің қатысуымен АҚШ долларымен жүзеге асырылады. Естеріңізге сала кетейік, «KASE Global» секторында сауда-саттық Нұр-Сұлтан қаласының уақыты бойынша 11:20-дан бастап кешкі онға дейін өткізіледі.

Халық банктің табысы артты

Халық банктің 3-тоқсандағы таза табысы 21%-ке  өсті. Бұл туралы банктің баспасөз қызметі хабарлады. Жалпы биылғы жылдың тоғыз айында Халық банктің таза табысы 333 миллиард теңге, оның 107 миллиарды  үшінші тоқсанға тиесілі. Осы аралықта банктің меншікті капиталына қайтарымы 29%-ті құрады. Барлық көрсеткіштер бойынша өткен жылмен салыстырғанда өсім байқалады.

Жапония резервтік мұнай қорларын пайдалану мүмкіндігін қарастырады

Бұл туралы сенбіде Жапония премьер-министрі Фумио Кисида хабарлады. Сондай-ақ ол мұны заңдық тұрғыдан іске асыруға болатын мәселе екенін айтты. Осы уақытқа дейін мұндай шара табиғи апаттар немесе тұрақсыз саяси жағдайға байланысты шетелден жеткізу тоқтаған жағдайда ғана қабылданды. Соның бірі Парсы шығанағындағы соғыс кезінде, екіншісі 2011 жылы Шығыс Жапониядағы жер сілкінісінен кейін болған. Еске салайық, бұған дейін АҚШ президенті Байден Қытайға, Оңтүстік Кореяға, Үндістанға және Жапонияға мұнай мен мұнай өнімдерінің бағасын төмендету үшін стратегиялық мұнай қорларын «ашуды» ұсынған.

ЕО күн энергиясына көшіп жатыр

2030 жылға қарай Еуроодақта 124 ГВт газ, көмір және ядролық өндіруші қуаттар жабылады, ал одақ елдерінің көбі күн энергиясын пайдалануға тырысады. Бұл туралы Wood MacKenzie шолуында айтылған. Сарапшылар осы онжылдықтың соңында күн фотоэлектрлік қондырғылары 10%-ке көбейеді деп отыр. Осылайша 2050 жылға қарай Еуропаның барлық электр энергиясының 20% күн станциялары шығарады. Бірақ салада айқын проблемалар да бар. Фотоэлектрлік жүйелерді электр желілеріне қосу алты айдан астам уақытқа созылуы мүмкін. Бұл ЕО-да күн генерациясының көбеюіне кедергі келтіреді. 

ALIBABA айыппұл төлейді

Қытай Alibaba, Tencent және басқа компанияларға 3,4 миллион доллар айыппұл салды. Бұған аталмыш кәсіпорындардың көлеңкеде қалған келісімдері себеп болды. Тізімдегі компаниялар 2012 жылдан бері Қытайдың монополияға қарсы мекемесіне хабарламай 43 мәміле жасаған. Енді кәсіпорындар монополияға қарсы 43 заң бұзушылықтың әрқайсысына 78 мың доллар төлеуі керек. Бұл туралы нарықты реттеу жөніндегі мемлекеттік әкімшілік мәлімдеді.

 Ұлттық банктың хабарлауынша, доллар 430 теңге 43 тиын, еуро  486 теңге 39 тиын, Ресей рублі  5 теңге  87 тиын.