Отандық құс өсірушілер жұмыртқаға субсидияны әлі күтіп жүр

Жыл басынан бері елде 1,5 млрд-тан астам жұмыртқа өндірілген. Бұл былтырғымен салыстырғанда 12 процентке көп екен. Ал қазақстандықтар тек отандық жұмыртқаны тұтына бастады. Бір жылда құс өнімінің импорты 43 процентке азайған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қолдаудың жоқтығына қарамастан, өндіріс қарқынды. Құс басы да, жұмыртқа саны да өсіп жатыр. Ең бастысы ішкі нарық түгелдей отандық өніммен қамтылған. Артылған жұмыртқаны сыртқа шығару керек. Бірақ қазір қазақстандық құс өнімдерін тәжіктер мен қырғыз ағайындар ғана тұтынып отыр. Қытай мен Ресей нарығын жаулауға кедергі көп. Жалпы құс өсірушілердің жағдайы мәз емес. Әсіресе жаз мезгілінде жұмыртқаның құны төмендеп кетеді. Себебі сұраныс аз. Құс өсірушілер одағының президенті Руслан Шәріповтің айтуынша, онсыз да Үкімет өнімді қымбаттатуға жол бермей отыр. Бірақ шаруашылықтың бұл түрі үшін мұндай тосқауыл тиімсіз. Өйткені жұмыртқаның өзіндік құнының 70 процентін жем бағасы құрайды. Яғни бидай арзан болса, өнім де қолжетімді болмақ. Бірақ елде астықтың бір тоннасы 170 мың теңгеден асады. Оған қоса, өндіріске қажет жабдықтар, дәрі-дәрмек, тіпті асыл тұқымды балапандар түгел сырттан Ресей арқылы келетін. Руслан Шәріпов отандық құс өсірушілер өнімін экспорттай алмай отырғанын да тілге тиек етті.

Руслан Шәріпов, Қазақстан құс өсірушілері қауымдастығының президенті:

– Қазір елімізге Ресей жұмыртқасы кірмейді. Біз де оларға өз өнімімізді сата алмай отырмыз. Себебі көрші елдерде азық-түлік қауіпсіздігіне көңіл бөліне бастады. Эмбарго жарияланғалы Ресей ішкі өндірісті ұлғайтты. Біз жылдық жоспарымызды асыра орындадық. Құс өнімі әзірге Қырғызстан мен Тәжікстанға экспортталады. Ауғанстан, Иран, Қытайға шыққымыз келеді. Мысалы, Өзбекстанда салаға қолдау күшейтілді. Олар құс өнімін 600 мың тоннаға жеткізбекші. Бізге де сондай қолдау болса, әлеуетімізді одан сайын шыңдап алар ек.

ҚҰС ӨСІРУШІЛЕРГЕ 600 МЫҢ ТОННА ЖЕМ КЕРЕК

Құс өсірушілер ет өндірісін 700 мың тоннаға жеткізбекші. Жоспар ауқымды. Ол үшін шаруаларға жем қорын толықтыру маңызды. Құс өсірушілер Үкіметтен 600 мың тонна астықты арзан бағада сатуды сұрап отыр. Жақында астық одағының ресми өкілі Евгений Карабанов бағаның арзандауы мүмкін екенін айтып қалды. Ол үшін елде 15 млн тонна көлемінде астық орылуы керек. Бірақ Руслан Шәріпов бұған сену қиын дейді. Себебі бір қымбаттаған дүние біздің елде қайта арзандамайтыны белгілі. Жыл басынан бері елде 1,6 млрд дана жұмыртқа өндірілді. Бұл былтырғымен салыстырғанда 12,1%-ке көп. Әсіресе Алматы облысындағы көрсеткіш айтарлықтай. Мұнда 303 млн-ы өндірілді. Тізімді Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстары жалғайды. Алғашқы жарты жылда-ақ ішкі нарық түгелдей отандық құс өнімімен қамтылған. Импорт 43 процентке азайды.