Биылғы егістік жұмыстарына 380 мың тонна дизель отыны қажет

Елімізде көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге ауыл шаруашылығы техникасы 97 процент дайын.

Бұл туралы Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров мәлімдеді. Биыл 22,8 млн гектар жерге егін егу жоспарланған. Бұл былтырғыға қарағанда 186,6 мың гектарға артық. Осы жұмыстарға 380 мың тонна дизель отыны қажет. Ал дизель отынының бағасы биыл Павлодар мұнай-химия зауыты мен Шымкент мұнай өңдеу зауытында 1 тоннасы үшін 174 мың теңге. Ал Атырау зауытында 172 мың теңге. Қазір Алматы, Қызылорда және Түркістан облыстарында көктемгі егіс жұмыстары жүріп жатыр.

Премьер-Министр жиында өңірлердегі ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілерді суармалы сумен, оның ішінде ұзақ мерзімді перспективада тұрақты қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдауды тапсырды.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-министрі:

- Көктемгі егіс жұмыстарын сапалы әрі уақтылы жүргізу елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды факторларының бірі. Былтыр пандемияға қарамастан егіс жұмыстары өте жоғары деңгейде жүргізілді. Тыңайтқыштар мен өсімдіктерді қорғау құралдары уақытылы салынды. Бұл мол астық жинауға мүмкіндік берді.  Биылғы жылы Үкімет көктемгі егісті қаржылай және материалдық-техникалық қамтамасыз ету бойынша барлық қажетті шешімдерді қабылдады.