Маусым айында ел тұрғындары 3200-ге жуық алтын құйма сатып алды

2021 жылдың маусым айында қазақстандықтар екінші деңгейлі банктер мен жекелеген банктік емес айырбастау пункттерінен жалпы салмағы 124,2 кг 3 188 құйма сатып алды.

Халыққа тазартылған алтын құймаларды сату және сатып алу бағдарламасын (бұдан әрі – Бағдарлама) Ұлттық Банк 2017 жылы іске қосты. Бағдарлама жүзеге асқалы жалпы салмағы 2,1 тонна 57 968 алтын құйма сатылды.

Алтын құймалардың бес түрі ұсынылады: 5, 10, 20, 50 және 100 г. Сатып алушылар арасында ең көп сұранысқа ие болғаны – 10 грамдық құйма. Оның жалпы сатылымдағы үлесі 30% – 17 435 дана. Одан кейін 100 грамдық құйма – 12 801 дана (22%) және 20 грамдық құйма – 11 624 дана (20%), 5 грамдық құйма – 9 336 дана (16%), 50 грамдық құйма – 6 772 дана (12%). Негізінен, өлшенген құймалар Алматы, Нұр-Сұлтан және Атырау қалаларында сұранысқа ие.

Алтын құймалар сенімді инвестициялық құрал бола алады. Банктер мен банктік емес айырбастау пункттерінің клиентке ақшасын төлеп, құймаларды «күнбе-күн» сатып ала алатын мүмкіндігі – алтын құймалар нарығының өтімділігін қамтамасыз етуде негізгі факторға айналып отыр.

Әр құйма қорғаныс элементтерімен (құймалардың айна беті, микротекст және рельефтің шеті), құймаларды механикалық зақымданудан қорғайтын және пакеттің ашылған-ашылмағанын тексеруді жеңілдететін арнайы қаптамамен шығарылады. Қорғаныс қаптамасы, сонымен қатар, құйманың сапа сертификаты бола алады. Сондықтан құйманы сақтағанда мұқият болып, ораманы ашпаған жөн.

Қазіргі уақытта алтын құймаларды Halyk Bank-те, Еуразиялық банкте, Jusan Bank-те, Банк ЦентрКредитте, сондай-ақ банктік емес айырбастау пункттерінде сатып алуға және сатуға болады.