Елдің бірінші жартыжылдықтағы әлеуметтік-экономикалық дамуы қорытындыланды

Бүгін премьер-министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткізілген Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев ҚР 2021 жылғы қаңтар-шілдедегі әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы баяндады.

«Қаңтар-шілдеде Қазақстан экономикасы жедел қарқынмен қалпына келуді жалғастырып, 2,7% өсуді көрсетті. Нақты сектор экономиканың тұрақты даму факторы болып отыр. Оның өсуі 3,6%», - деді Ә.Ерғалиев.

Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша қызмет көрсету саласында динамиканың жеделдеуі, өндіруші емес салада инвестицияның жоғары өсуі, сондай-ақ сауда балансының оң сальдосының сақталуы байқалуда.

Ведомство басшысы өңдеу өнеркәсібі тұрақты өсу үрдісін сақтап отырғанын атап көрсетті. Өндіріс көлемі 5,9%-ке өсті. Бұдан басқа, іскерлік белсенділік қызмет көрсету саласында 2,0%-ке дейін өсті.

Инвестицияға келсек, негізгі капиталға инвестицияның өсуі тау-кен өндіру өнеркәсібін есепке алмағанда 18,3%-ті құрады. Құрылыста 2,3 есе, өңдеу өнеркәсібінде 83%-ке, ақпарат және байланыста 48%-ке, ауыл шаруашылығында 46%-ке, саудада 40%-ке, жылжымайтын мүлік операциясында 16%-ке және көлікте 8,3%-ке жоғары көрсеткіш орын алды.

Министр сондай-ақ қаңтар-маусымда сыртқы сауда тауар айналымы 45,3 млрд долларды құрағанын хабарлады. Оның ішінде экспорт – 27 млрд доллар. Бұл ретте өңделген тауар экспорты 25%-ке 8,9 млрд долларға өсті. Тауар импорты – 18,3 млрд доллар.  Жалпы, оң сауда балансы 8,7 млрд доллар деңгейінде қамтамасыз етілді.

2021 жылғы қаңтар-шілдеде орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 11,1%-ке өсті. 7,7 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Көрсеткіштің өсуі 10,3%. Бұдан басқа, ауыл шаруашылығы көлемі 2,4%-ке жоғарылады.

Ұлттық экономика министрлігі басшысы орталық және жергілікті атқарушы органдардың белсенді түрде инвестиция тартуға, кәсіпкерлердің мемлекеттік қолдау құралдарын тиімді түрде іске асыруына және ASHYQ жобасын кеңейтуге назар аударуы қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ уақтылы егін жинау, құрылыс жұмыстарының маусымын тиімді жүргізу, «Еңбек» және «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламалары шеңберінде жұмыспен қамту, азық-түлік тауары бағасын мониторингілеу және бағаның шамадан тыс өсуін тежеу шараларын күшейту қажет.