Қазақстанның инвестициялық жетістіктерін ЮНКТАД ұйымы жоғары бағалады

Қазақстан экономикасын әртараптандыру арқылы инвестициялық әлеуетін арттыра беру керек. Арнамызға берген сұхбатында ЮНКТАД ұйымының өкілі Джеймс Жан осылай деді.

Айта кетейік, бұл орган БҰҰ-ның сауда және даму сұрақтарына жауап береді. Оның өкілдері еліміздің пандемия кезінде шетелден инвестиция тартудағы жетістіктерін жоғары бағалады.

Айта кеткен жөн, әлемде таза тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 35 процентке қысқарды. Бұл кейінгі 16 жылда болмаған көрсеткіш. Алайда Қазақстан өтпелі экономикасы бар 17 елдің және теңізге шыға алмайтын 34 мемлекеттің ішінде таза тікелей шетелдік инвестиция көлемі бойынша ең үлкен өсім көрсетті. ЮНКТАД өкілі еліміздің осы бағыттағы әлеуетінің артуын бірнеше фактормен түсіндіріп отыр.   

Джеймс Жан, ЮНКТАД инвестициялар және кәсіпорындар департаментінің директоры:

– Қазақстан әсіресе, коронавирус дағдарысы кезінде керемет жетістіктерге қол жеткізді. Біз кейінгі жылдары елдеріңізге тартылатын тікелей инвестициялардың артқанын байқап отырмыз. Бұл Қазақстандағы экономикалық тұрақтылықпен байланысты. Екіншіден, елдеріңіз инвестицияларды тарту шарттарын жеңілдетуге бағытталған саясатты ұстанып отыр. Сондай-ақ арнайы экономикалық аймақтардың болуы да өз жемісін берді. Жасыл технология және энергияның баламалы көздері секілді инвестициялау салалары кеңейіп келеді.