Қарағандыда зағип жандар медициналық қорғаныш заттарын тігеді

Зағип жандар провизорлық орталықтар мен ауруханаларға қорғаныш заттарын тігеді. Қарағандыдағы «Қазақ соқырлар қоғамының» облыстық филиалы былтыр жарты миллиард теңге пайда тауып, оның 3 процентін ел бюджетіне салық ретінде төледі. Қоғамдық бірлестік жаңашылдыққа бейіл, нарыққа да төселген. 

Бір қарағанда арнайы киім, көрпе-жастық пен төсек жабдықтарын көру қабілеті нашар көретін жандар тікті дегенге сену қиын. Себебі бұйымнан олқылық таппайсың. Жергілікті ірі кәсіпорындардан арнайы киімге тапсырыс көп. Оны тігіншілер ауызбірлікпен орындап шығады.  Кейде тіпті ауқымды тапсырыстарды орындауға тігін машиналары шыдас бермей жататын көрінеді.

Тоқтамыс Абдолұлы, тігін цехының шебері: 

- Он жылдан бері істеп келемін. Мұнда мен бұзылған машиналарды ремонттаймын. Жұмыс көп болса тігін де тігемін. Өзіме жақсы, ұнайды. 

Ал бұл картон қағаздар цехы. Мұнда тек бір күнде 5 мыңнан астам қаптама шығарылады. Цехте көру қабілетінен мүлде айырылған азаматтар да еңбек етеді. Соның бірі Ардақ. Оның отбасы, екі қызы бар. Әскерге барған, жауапты қызметтер атқарған. Тек осыдан 10 жыл бұрын көздің қысымы салдарынан көру қабілетінен айырылыпты. Бірақ еңбекке деген қабілеті сол беті.

Ардақ Жұманов, цех қызметкері:

- Қиын ештеңесі жоқ. Көзім көрмесе де қолымнан келеді, тырысып жатырмын. Кәдімгі көзі көретін дені сау адамнан кем емеспін мен. Өзім солай ойлаймын. Себебі қол-аяғым бар, шүкір, көзім көрмесе де.  

Бұл үшінші цех. Гүл өсіреді. Қарағандының екі бірдей ауданында маусымдық және көп жылдық гүл егетін тендерді жеңіп алған. Алда өзге облыстарда да гүл егу жоспары бар. Қоғамдық бірлестік пандемия кезінде де қоғамға пайдалы екенін көрсеткен. 

Бақытбек Бейсебаев, «Қазақ соқырлар қоғамы» ҚБ Қарағанды облыстық филиалының басшысы:

- КВИ кезінде бізде тігін цех болғандықтан ауруханаларға, противочумный мекемелерге 8 мың халат тіктік, 3 мың костюм тіктік. 5 мың маска тігіп шықтық осы биыл.

Жақын арада мұнда төртінші цех ашылады. Онда зағип жандар тұрмысқа қажетті жиһаз жасайтын болады. Кәсіпорында барлығы 35 адам жұмыс істесе, оның 20-сының көру қабілеті нашар.

Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков