Тараздан COVID-19 антигенін анықтайтын экспресс-тест шығарыла бастады

Жамбыл облысының Қордай ауданында жыл сайын 60 млн дозаға дейін вакцина шығару жоспарланып отыр. Өңірге жұмыс сапарымен барған премьер-министр Асқар Мамин иммунобиологиялық препараттар шығаратын биофармацевтикалық зауытында болды. Үкімет басшысы кәсіпорынның өндірістік қуатын дамыту жобаларымен танысты.

Премьер-министр Асқар Мамин Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының тұрғын үй және әлеуметтік-мәдени инфрақұрылымымен де танысты.

Естеріңізде болса, биыл 26 тамызда Байзақ ауданы Жаңатұрмыс ауылдық округі Қайнар ауылының оқдәрі қоймасындағы жарылыс салдарынан қираған барлық тұрғын үйді қалпына келтіру жұмыстары толық аяқталды. Үкімет басшысы зақымдалған үйлердің тұрғындарымен кездесті. Өңірдегі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру шаралары туралы баяндалды.

Нұржан Нұржігітов, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары:

- Биылғы жылдан бастап құс фабрикасы іске қосылды. 20 мың тонна тауық етін өндіруге көзделуде. Ол облыс тұрғындарының тұтыну қажеттілігін 100 процент қамтамасыз етеді. Және Жамбыл ауданында «Ас адамы» құс фабрикасы өзінің өнімін ұлғайтып жатыр. Келесі жылы 90 млн дейін тауық жұмыртқасын шығарады. Ол қосымша бізге 55 процентін тұтыну қажеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Ал Тараз қаласында премьер-министр медициналық бұйымдар шығаратын кәсіпорынды көрді. Кәсіпорын биыл қазан айында COVID-19 антигенін анықтайтын экспресс-тесттер шығара бастады. Мұнда инфекциялық ауруларды, кардиологиялық маркерлерді, есірткі заттарын және аллергендерді диагностикалау үшін 200-ден астам экспресс-тест атауын өндіру көзделіп отыр. Өндірістік қуаты жылына 15 млн экспресс-тест пен 1,5 млн бақылау ерітіндісін құрамақ. Ірі жобалардың бірі жылына шамамен 149 мың тонна ақ қант шығаратын зауыт құрылысы болмақ. Зауытты 2023 жылы пайдалануға беру жоспарланған.

Нұржан Қарғабаев, зауыттың техникалық директоры:

- 40 мың тонна түйіршіктелген жом шығарады. 40 мың тонна патекамила шығарылады. Енді біздің зауытқа жылына 1 млн тонна қант қызылшасы керек. Ол қызылшаны тек Шу ауданынан емес, бүкіл Жамбыл облысынан қабылдаймыз.

Шу ауданында Асқар Маминге химия және азық-түлік өнеркәсібіндегі жалпы құны 143 млрд 300 млн теңгеге тең инвестициялық жобалар таныстырылды. Қуаты жылына 25 мың тонна натрий цианидін өндіру жөніндегі жоба 2023 жылдың соңына дейін аяқталады. Кәсіпорын өнімі ішкі қажеттілікті толық қамтамасыз етіп ғана қоймай, Орталық Азия елдеріне экспортталады.

Мирлан Алтынбек

Сондай-ақ...