Сенат 2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заң жобасын қарады

Бүгін Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың төрағалық етуімен Палата отырысы болды. Онда сенаторлар «2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» және «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2022-2024 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» заң жобаларын қарады.

Үш жылдық республикалық бюджет жұқпалы дерт салдарын еңсеруге арналған жалпыұлттық басымдықтарды іске асыруға және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алға қойған міндеттерді орындауға бағытталған. Сенат nөрағасы Мәулен Әшімбаев отырыс барысында заң жобасын осылай бағамдады, Сенаттың баспасөз қызметі.

«Соңғы жылдары Қазақстанда пандемия салдарын еңсеруге басымдық берілгені белгілі. Мемлекет басшысының тапсырмасымен азаматтарымыз бен зардап шеккен кәсіпорындарға әлеуметтік қолдау көрсетуге қомақты қаражат жұмсалуда. Жағдай әлі де болса оңай емес. Бірақ, жалпы Қазақстан пандемия дағдарысын еңсеріп келеді деп айтуға болады. Сондықтан алдағы үш жылдың бюджеті негізінен қайта қалыпқа келуге және дамуға бағытталып отыр. Биылғы Жолдауда пандемиядан кейінгі кезеңде экономиканы қалпына келтірудің нақты міндеттері белгіленді. Өнеркәсіптің тиімділігін арттыруға, өңірлерді дамытуға, халықты алаңдатқан өзекті әлеуметтік мәселелерді шешуге қатысты да мақсат-міндеттер айқындалды. Бүгін қаралған үш жылдық бюджетте сол жобаларды іске асыру үшін тиісті қаражат бөлініп отыр», – деді Сенат төрағасы.

Бюджеттің маңызды міндеттерінің бірі мемлекеттің азаматтар алдындағы әлеуметтік міндеттемесін мүлтіксіз орындауы болып табылады. Осыған байланысты үш жылдық кезеңде бюджет шығыстарындағы ең үлкен үлесті әлеуметтік сала шығыстары құрайды. Шығыстардың жалпы көлемінің 50,8%-ы 2022 жылы нақ осы салаға бағытталатын болады. Ал 2024 жылға қарай бұл көрсеткіш 59,8%-ті құрайды.

«Мемлекеттің барлық әлеуметтік міндеттемелері толығымен орындала береді. Үш жыл ішіндегі түсімдердің өсуін ескере отырып, әлеуметтік салаға жұмсалатын шығыстарды шамамен үштен бірге ұлғайту жоспарлануда. Осы қаражат көптеген әлеуметтік мәселелерді шешуге мүмкіндік береді. Мысалы, әлеуметтік төлемдерді индекстеу, мұғалімдердің, дәрігерлердің, бюджеттен еңбекақы алатын басқа да қызметкерлердің жалақысын арттыру және көптеген әлеуметтік нысандар салу көзделген», – деді Мәулен Әшімбаев.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елімізде экономиканың өсуі мен азаматтарымыздың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған Ұлттық 10 жоба қабылданған болатын. Сенат Төрағасы осы ұлттық жобаларды іске асыру үшін бөлінетін бюджет қаражатын тиімді пайдалану қажеттігін атап өтті.

«Бүгін қаралған үш жылдық бюджетте сол жобаларды іске асыру үшін тиісті қаражат бөлініп отыр. Сондықтан әр теңгені орынды пайдаланып, мемлекет қаржысының тиімділігін арттыру аса маңызды», – деп атап өтті Палата төрағасы.

Сенат сонымен қатар бюджет кірістерінің өсуін қамтамасыз ету және Ұлттық қордан берілетін трансферттер көлемін қысқарту жөніндегі Үкімет жоспарлаған шараларға қолдау білдірді. Мәулен Әшімбаев бұл мәселелерді сенаторлар бірнеше рет көтергенін еске салды.

«Жалпы, алдағы үшжылдық бюджетті Үкімет үшін үлкен сынақ деуге болады. Себебі, Үкімет экономиканы дамыту қарқынын арттыру және көлеңкелі секторды азайту арқылы бюджеттің кірісін 35 пайызға өсіруді көздеп отыр. Сонымен бірге бюджет тапшылығын кезең-кезеңімен төмендету және Ұлттық қордан бөлінетін трансферттер көлемін қысқарту жоспарланған. Осындай бастамаларды біз, әрине, қолдаймыз», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сенаторлар заң жобаларын талқылау барысында Үкімет мүшелерінің алдында инфляцияның өсуіне, оның ішінде отын бағасына, мемлекеттік қарыздың ұлғаюына, ауыл тұрғындарын таза ауыз сумен, интернетпен қамтамасыз етуге, фельдшерлік пункттер желісін кеңейтуге қатысты және басқа да бірқатар өзекті мәселелерді көтерді.

Депутаттар заң жобаларын Сенатта қарау нәтижелері бойынша республикалық бюджетке түзетулер енгізуді ұсынды. Олар, атап айтқанда, автожолдарды қайта жаңарту мен дамытуға, газбен жабдықтауға, су құбыры желілерін салу мен жөндеуге және басқа да шығыстарды ұлғайтуды ұсынып отыр. Бұл шығыстарды Үкімет резервінде көзделген қаражатты қайта бөлу есебінен қаржыландыру көзделген.

Сенаторлар осылайша заң жобасының негізгі ережелеріне қолдау білдірді және қаржының бір бөлігін өңірлердегі нақты проблемаларды шешуге бағыттауды ұсына отырып, «2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын Мәжіліске қайтарды. Ал «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2022-2024 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» заңды өзгеріссіз қабылдады.