Әлемдік нарықта бидай қымбаттады

Наурыздың алғашқы бір аптасында мамыр айында жеткізілетін астықтың құны 40 процентке көтерілген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ресей мен Украина арасындағы қақтығыс астық нарығын абдыратып тастады. Себебі бұл екі ел де ең ірі бидай өсіруші мемлекет саналады. Нақтырақ айтсақ, әлемдегі астық экспортының 30 проценттейі бауырлас қос мемлекеттің үлесінде. Мұндағы шиеленіс ушыққан сайын, нарықта баға шарықтап барады. Жұма күні Чикаго тауар биржасында мамыр айында жеткізілетін бидай 6 жарым процентке қымбаттап, бір бущелі 12 доллардан асты. Осылайша 2008 жылдан бергі рекордын жаңартқан.

Айта кетейік, бір Бушель шамамен 38 келі. Трейдерлердің айтуынша, Қара теңіз арқылы бидай тасымалы 24 ақпаннан бері тоқтап тұр. Ал Ресейге қарсы санкциялар жарияланғандықтан олар сауда жасауға жасқанады. Оның үстіне қақтығыс жағдайында Украина егіс науқанын өткізе алмауы мүмкін. Ал Ресейге шет елден келетін тыңайтқыштар мен техника жетіспейді. Осылайша күзде жылдағы өнім аз болады. Сондықтан нарықта ұсыныс күрт кеміп, баға әлі де шарықтауы мүмкін. Халықаралық астық одағының мәліметіне қарағанда  Ресей, АҚШ, Канада, Украина, Аргентина, Еуропа одағы, Австралия және Қазақстан әлемдегі негізгі бидай экспорттаушылар саналады. Бұл елдерде 57 миллион тоннадай астық қоры бар. Десе де бұл кейінгі 9 жылдағы ең аз көрсеткіш.

Елдің астық нарығы тұрақты

Қазақстанның астық нарығы тұрақты. Тұрғындар үшін бидай бағасы шарықтай қоймайды. Астық өсірушілер қауымдастығының ресми өкілі Евгений Карабанов осындай болжам жасады. Оның айтуынша, елде ең әуелі ішкі нарықты қамтуға басымдық берілген. Жергілікті сұраныстан артылғаны ғана экспортқа шығарылады. Оның үстіне Қазақстан нарығы Ресеймен тығыз қарым-қатынас орнатқан. Санкцияларға байланысты Ресей өзге елдерге астық сата алмай қалуы мүмкін. Есесіне артық өнім мен өндіріс біздің елдің нарығына келуі ғажап емес. Диірменшілер қауымдастығының өкілі Дос-Мұқасан Тәукебаевтың айтуынша, қазірдің өзінде ресейлік кәсіпкерлердің қызығушылығы артқан.

Дос-Мұқасан Тәукебаев, ҚР диірменшілер қауымдастығының өкілі:

- Біз бұрын байқамағанбыз. Қазір Ресейден интернет арқылы тауып, бізге телефон шалып, бидай аласыздар ма дейді. Бізде диірмен бар. Болашақта Қазақстанға келіп бизнес ашсақ бола ма? Болмаса Ресейдегі бір зауытымызда Қазақстанға көшірсек қалай болады деп ақыл сұраушылар көбейіп кетті соңғы күндері. Өйткені экономикалық қыспақта болғаннан кейін олар СУИФТ жүйесінен де айырылды. Жұмыс істей алмайды да. Содан Ресейдің кәсіпкерлері қазіргі таңда Қазақстағна өзінің кәсіпорындарын, зауыттарын көшіруге қызығушылық танытып отыр.

Сарапшы: Ресей астығы Қазақстан арқылы сатылуы мүмкін

Ресей жылына шамамен 150 миллион тонна астық жинайды. Әлемнің бірнеше еліне бидай жеткізіп отыр. Кейінгі жылдары Орталық Азия елдерімен де сауданы жандандыра түскен. Бұл аймақта Қазақстанның негізгі бәсекелесі деуге болады. Әсіресе Ауғанстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан нарығына негізгі экспортердің біріне айнала бастады. Себебі бағаны Қазақстанға қарағанда төмен ұсынады. Бірақ санкциялар және қаржы аударымдарындағы кедергіге байланысты алыс беріс тежелуі мүмкін. Тіпті көрші елдің астығы өзге елге  Қазақстан арқылы сатылуы ғажап емес. Десе де бұл ел нарығында баға төмендейді дегенді білдірмейді. Өйткені теңге мен рубльдің құнсыздануына байланысты өнімнің өзіндік құны жоғарылап барады. Оның үстіне бидайға сұраныс артады.

Дос-Мұқасан Тәукебаев, ҚР диірменшілер қауымдастығының өкілі:

- Ресейдің бидайын Түркия алып, ұн қылып әлемге сатады.  СУИФТ деген халықаралық жүйеден шын мәнінде айырып тастайтын болса, онда Түркия ақша төлей алмай қалады Ресейге. Бидай да ала алмай қалады. Әрине, Ресейдің  бидайының бәрі Қазақстанға кіріп, Қазақстан арқылы қазақтың бидайы сияқты шетелге сатылады. Бірақ баға арзандамайды.

Нарықта көлік тапшы болады

Әлемге әйгілі 20 шақты автобрент Ресей нарығын кететінін жариялады. Яғни көрші елде автомобиль өндірісі мен жаңа көлік жеткізу ісі тежеледі. Бұл Қазақстанның автонарығына да кері әсерін тигізеді. Кейбір брендтер бізге Ресей арқылы тасымалданады. Көрші елдегі ахуал оңалмаса нарықта көлік тапшылығы болып, баға шарықтайды. Тәуелсіз автокөлік одағының төрағасы Эдуард Эдаков осындай пікірде. Оның айтуынша қазір отандық диллерлер көлік шығарушы елдермен тікелей тасымалдау бағытында келіссөз жүргізіп жатқан болуы мүмкін. Бірақ бұл мәселенің қашан және қалай шешілетіні, құны қалай өзгеретіні белгісіз. Оның үстіне теңгенің долларға шаққандағы бағамы төмендеді. Бұл де шет елден келетін көлікті қымбаттата түседі. Ал утилизациялық алымның төмендеуі қымбатшылыққа тосқауыл бола алмайды. Төрт процентпен несие беру бағдарламасында әлі түсініксіз тұстар көп дейді сарапшы.

Эдуард Эдаков, Тәуелсіз автокөлік одағының төрағасы:

- Қазір жеңілдікпен несие беруге қанша қаржы қай жылдарға бөлінгені немесе қанша көлікке берілгені нақтыланбаған. Бір жерде жүз дейді. бір жерде елу. Ол бір жылға ма әлде бірнеше жылға ма белгісіз. 100 миллиард дегеннің өзінде. Бір көлікті 10 миллионнан есептесең. Бұл ақшаға 10 мың көлік алуға болады. Бұл теңізге тамған тамшыдай ғана. Тұрғындар үшін жақсы әрине. Бірақ нарықтағы бағаға әсмер ете қоймайды.