Қазақстан АЭС салу бойынша төрт мемлекетпен келіссөз жүргізіп жатыр

Сарапшылар Оңтүстік Корея, Франция, Қытай мен Ресей ұсынған жобаларды зерттей бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Энергетика министрлігінің ақпараты бойынша, шамамен 13 жылдан кейін елде электр энергиясының тапшылығы шарықтау шегіне жетеді. Сол себепті атом электр станциясын салу аса қажет болып отыр.

2035 жылы елімізде электр энергиясын тұтыну көлемі сағатына 153 миллиард киловатқа дейін жетеді. Жауапты ведомство мамандары есеп жүргізіп, осындай қорытындыға келді. Қазақстанда өндіруші қуат қазірдің өзінде тапшы болғандықтан, атом электр станциясын салуға тура келеді дейді сарапшылар. Осы орайда Қазақстан Ресеймен келісіп, алдын ала көрші елде отандық маман даярлау туралы шешім қабылдады.

Болат Ақшолақов, ҚР энергетика министрі:

- Біз «Росатоммен» меморандумға қол қойдық. Бұл тек мамандарды дайындау үшін. Мамандар дайындайтын орын бізде жоқ. Егер сол станцияны салатын болсақ, онда жұмыс істейтін мамандар керек. Бір станцияға 2 мыңдай маман керек.

Қазір отандық мамандар атом электр станциясын салуға лайықты жерді қарастырып жатыр. Мұндай құрылымды орнату үшін жер сілкінісі болмайтын, су ресурстары жеткілікті орын қажет. Реакторды жеткізетін мемлекеттермен келіссөздер де басталып кетті. Қазақстан станцияжобасын ұсынған бірнеше елге оның техникалық мүмкіндіктері бойынша ақпарат алуға сауал жолдады.

Тимур Жантықин, «Қазақстандық атом электр стансалары» АҚ бас директоры:

- Ең басында біз тек Ресей елімен ғана емес, тағы бірқатар мемлекетпен әріптестік орнату мүмкіндігін қарастырдық. Мәселен, қытайлықтар Қазақстанға 1 мың мегаваттық жобасын ұсынды. Оңтүстік Кореяда да мың мегаваттық реактор бар. Франция елі қуаттылығы 1200 мегаватт құрайтын станцияны салуға дайын.

Атом электр станциясын салу үшін көп уақыт қажет. Ал қазіргі элеткр энегриясы тапшылығын жою үшін жауапты орган бірқатар шараны қолға алып жатыр. Ең бастысы, ресурстың бұл түрін көп талап ететін майнерлердің жұмысына шектеу қойылмақ. Мәселен, оларға лицензия мен квота беру көзделген. Сондай-ақ күн тәртібіне майнерлерді баламалы энергия көздерін пайдалануға ынталандыру мәселесі қойылған.

Жалпы әлемде қуат көзін өндіретін 450-ге жуық ядролық реактор бар. Бүгінгі таңда жер жүзінде 55 атом электр станциясы салынып жатыр. Ал 32 мемлекет АЭС-тің игілігін көріп отыр. Арасында Ресей, Ұлыбритания, АҚШ сынды елдер бар.

Дариға Ташенова