Қазақстанда тоғыз банк таратылып жатыр

Олардың салымшыларына кепілдік берілген өтем сомасының 98%-тен астамы төленген. Бұл шамамен 113,1 млрд теңге, деп хабарлайды «Хабар 24» Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорына сілтеме жасап.

Аталған қор мамандары кепілдік берілген өтемді төлеу және талап етілмеген өтем сомаларын Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына  аудару тәртібін түсіндірді. 

Таратылатын сегіз банктің салымшылары өздеріне тиесілі өтем ақшаларды 2022 жылдың 1 мамырына дейін ала алады. Бұл «Валют-Транзит Банк» АҚ, «Қазинвестбанк» АҚ, «Delta Bank» АҚ, «Эксимбанк Қазақстан» АҚ, «Qazaq Banki» АҚ, «Астана Банкі» АҚ, «Tengri Bank» АҚ және «AsiaCredit Bank (АзияКредит Банк)» АҚ салымшылары. «Capital Bank Kazakhstan» АҚ лицензиясынан кейінірек айырылғандықтан, оның салымшыларының кепілдік берілген өтемді биылғы жылдың 3 шілдесіне дейін алуға мүмкіндіктері бар.

Өтем алуға өтінішті дәстүрлі тәсілмен де, Төлемдердің электрондық порталы (ТЭП) арқылы онлайн түрінде де беруге болады. Онда төленуге қолжетімді соманы тексеруге және өтініштің орындалу барысын қадағалауға болады. Сонымен қатар салымшылар лицензиясынан айырылған банктің салымшыларына өтем төлеуге тағайындалған агент банктер арқылы да өтініш бере алады. Кепілдік берілген өтемді төлейтін агент банктердің бөлімшелері туралы ақпаратпен олардың сайттары арқылы танысып шығуға болады. 

Төлем мерзімі аяқталған соң талап етілмеген өтем сомалары салымшылардың БЖЗҚ-да ашылған, ерікті зейнетақы жарналарын есепке алуға арналған жеке зейнетақы шоттарына аударылады. Бұл шараны Қор «Қазақстан Республикасының екiншi деңгейдегі банктерiнде орналастырылған депозиттерге мiндеттi кепiлдiк беру туралы» ҚР Заңына сәйкес күнтізбелік 30 күн ішінде жүзеге асырады. Осылайша таратылатын сегіз банктің клиенттері өтем ақшаларының БЖЗҚ-ға аударылуын ағымдағы жылдың 31 мамырына дейін, ал «Capital Bank Kazakhstan» АҚ салымшылары 2 тамызға дейін күте алады.