Маңғыстау облысының тұрғыны қызыл құрттан тыңайтқыш алып отыр
Маңғыстау облысындағы Құрық ауылының тұрғыны ерекше жобаны жүзеге асырды.
Жұмабек Бөлекбаев калифорниялық қызыл құрт өсіріп, одан тыңайтқыш алып отыр. Айтуынша, шетелдік тәжірибеге сүйене отырып, егістік-жылыжайдың өнімділігін бірнеше есе арттыруға болады. Кәсіпкер өндіретін табиғи органикалық тыңайтқышқа сұраныс жоғары. Енді ол мемлекет қолдауымен өндірісті кеңейтіп, тұрғындарды жұмыспен қамтуды жоспарлап отыр.
Адамдардың тапсырысы бойынша, бұйырса, Жаңаөзен қаласына дайындап жатырмын.
Ауыл тұрғыны қызыл құрт өсіруді былтыр бастапты. Калифорниялық шылаушындарды арнайы тапсырыс беріп шетелден алдыртқан. Жәндіктер мал тезегімен қоректенеді. Күніне сан рет қопсытып, таза су құйып тұрады. «Тез жетілуі үшін жеміс, көкөніс қалдықтарын саламын. Құрттар жегенін қорытып, тыңайтқыш шығаруы үшін 5-6 ай күту керек» дейді.
Жұмабек Бөлекбаев, ауыл тұрғыны:
- Бала-шағамды осының арқасында жасыратыны жоқ бақтық, бағып та жатырмыз. Енді кеңейту керек болып тұр, Үлкен алқапқа шығу керек болып тұр бұған. Ауылдағылардың көбі талдарына сұрайды, егінге сұрайды. Жылыжайы бар қызанақ-қияр егетіндер сұрап жатыр.
Кәсіпкер 7 бала тәрбиелеп отыр. Ерекше жобаны жанұясымен бірге іске асырыпты.Бүгінге дейін 5 мыңдай литр табиғи органикалық тыңайтқыш өндірген. Ендігі мұраты - жер телімін алып, өндірісті кеңейту. Ауылдастарын жаңа кәсіпке баулығысы келеді. Тың бастама көтерген тұрғынды жергілікті әкімдік те қолдап отыр.
Нұрсұлтан Сайлаубаев, "Қарақия аудандық сәулет және қала құрылысы бөлімі" ММ бас маманы:
- Азаматтан өтініш келіп түскен болатын, бау-бақша өсіру мақсатында. Қазіргі таңда комиссия отырысында қаралып, Қазақстан Республикасының Жер кодексіндегі заң талаптарына сәйкес оң қорытындысын алған болатын. Қазіргі таңда мемлекеттік акт жасалуда.
33 жастағы ауыл тұрғыны бұрын жұмыс жасамаған. Ерекше кәсіптің көзін тапқан соң енді егістік егуді жоспарлап отыр. Маңғыстау өңірінде калифорниялық қызыл құрт өсіретін өндіріс орны әзірге біреу ғана. Іскер азамат өзі білгенін өзгелермен бөлісуге әзір.
Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев